"Сөзі де, тірлігі де пайымды азамат": Түркістан жұрты Дархан Сатыбалдыны қошеметпен шығарып салды (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі қызметінен кетіп, ҚР Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осыған орай түркістандықтар экс-әкіммен қоштасуға жиналды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Бүгін Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген ақсақалдар бастаған зиялы қауым өкілдері Дархан Амангелдіұлын шығарып салды", - делінген TURKISTAN телеарнасының Instagram-дағы парақшасында.
Түркістанның ардагерлері экс-әкімнің атқарған нәтижелі жұмыстарын атап, облыс халқы атынан алғысын айтып, ақ батасын беріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
"Мынау екі жарым жылдың ішінде қанша дүние істеп кеттіңіз. Елдің экономикасын өз деңгейінде көтеріп, республикамыздың алдыңғы орындарында жүргеніңізді жақсы білеміз. Бұл өзінен-өзі келген жоқ, бәрі күні-түні істеген еңбегіңіздің арқасында", - деді арадгер.
Жазба астында да әкімнің жұмысына ризашылық білдіріп, алдағы қызметінде сәттілік тілегендер жетерлік.
"Сөзі де, тірлігі де пайымды азамат! Биікке лайықты, лауазым құтты болсын! Тек алға!", "Жақсы жұмыс істей білді. Жақсының жақсылығын айту қажет", "Бірінші рет көруім елдің батасын алып кеткен әкімді", - деп жазуда көпшілік.
Бүгін, 6 қаңтар күні Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.
Оның орнына Түркістан облысының әкімі болып Нұралхан Көшеров тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2208831-sozi-de-tirligi-de-paiymdy-azamat-turkistan-zhurty-darhan-satybaldyny-qoshemetpen-shygaryp-saldy-video/