Top.Mail.Ru

Зектілері

18 мың бөтелке сірке суы, картиналар: Антикор 55 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол бермеді

Жарияланған күні:

Үй ішіне ілінген картина
Үй ішіне ілінген картина. Көрнекі фото: freepik.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ел өңірлерінде 55 млрд теңге сомасына бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Антикорға сілтеме жасап хабарлайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атамекен ҰКП "Бірыңғай сатып алу терезесі" ақпараттық жүйесі арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына мониторинг жүргізу бойынша жобаны іске асырып жатыр.

2024 жылдың қорытындысы бойынша 55,1 млрд теңге сомаға артық өсудің алдын алды, оның жартысы – 26 млрд теңге (немесе 47 пайыз) бюджетке қайтарылды. Қалған соманы тапсырыс берушілер қайта қарады. Жоспарлы баға төмендеді немесе осы ақша шеңберінде сатып алынатын тауар саны ұлғайды.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 230 млн теңгенің заңсыз жұмсалуына жол берілмеді. Агенттік Петропавлда теледидар мұнарасына арналған жарықдиодты жабдықты монтаждау бойынша жұмыстарды сатып алу төтенше жағдаймен байланысты болмаса да, төтенше жағдайларды жою сылтауымен жүргізілгенін анықтады. Нәтижесінде шарт бұзылып, бюджет қаражаты қайтарылды.

Қарағанды облысында мамандандырылған музыкалық мектеп-интернат 9 млн теңгеге 18 мың бөтелке ас сірке суын сатып алуды жоспарлаған, бұл мекеменің қажеттілігінен едәуір асып түседі (барлығы 460 адам). Сонымен қатар бір бөтелкенің бағасы 300 теңге нарықтық құнынан 500 теңгеге дейін көтерілген, бұл шығындарды 3,5 млн теңгеге арттырды. Біздің араласуымыздан кейін сатып алу тоқтатылды, ал бюджет шығыны 9 млн теңгеге үнемделді.

Сол сияқты, Қызылорда облысында облыстық филармония 300 қабырға суретін орташа нарықтық бағасы бір бірлігіне 20 мың теңге бола тұра 48 млн теңгеге (бір картинаға 160 мың теңгеден) сатып алуды жоспарлаған. Құнның артуы 42 млн теңгені құрады. Антикордың ұсынысынан кейін сатып алу тоқтатылып, қаражат бюджетке қайтарылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері сөзінше, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2208858-18-myng-botelke-sirke-suy-kartinalar-antikor-55-mlrd-tenggening-negizsiz-zhumsaluyna-zhol-bermedi/