АЭС салу кезінде қанша адам жұмыспен қамтылады: министр жауап берді
Жарияланған күні:
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында "Жұмысшы мамандықтары жылы" аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Министрлік басшысы алдағы уақытта мұнай-газ саласында қанша адам жұмыспен қамтылатынын айтты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алмасадам Сәтқалиев алдағы уақытта мұнай-газ саласында техникалық мамандықтар үшін 22 мыңға жуық жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді. Ол бүгінгі таңда республиканың отын-энергетикалық кешені саналатын 1671 кәсіпорында 303 мыңнан астам түрлі кәсіп қызметкерлері жұмыс істейтінін атап өтті.
- 2030 жылға дейін ОЭК салаларында құрылыс кезеңінде де, тұрақты жұмыс орындарында да 83 мыңнан астам сапалы жұмыс орындарын құра отырып, 99 жобаны іске асыру жоспарлануда.
- Мұнай-газ саласындағы жобаларды іске асыру мұнай-газ саласының да, аралас салалардың да техникалық мамандықтары үшін шамамен 22 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
- Мұнай-газ химиясына 6 ірі жобаға 21 мыңнан астам қызметкер тартылатын болады, оның ішінде 18 мыңы уақытша және 3 мыңнан астамы тұрақты жұмыс.
- Электр энергетикасында 72 жобада, оның ішінде 32 жаңартылатын энергетика жобасында 41 мыңнан астам жұмыс орны, уақытша 35 мыңнан астам және тұрақты 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.
"Атом электр стансасын салу жобасы бойынша 2030 жылға қарай 5 мыңға жуық адам, ал 2032 жылы құрылыстың шарықтау кезеңінде 10 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілетін болады. Пайдалану кезеңінде жоба кемінде 2 мың адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Жаңа жобалардан басқа, жұмыс істеп тұрған ОЭК кәсіпорындарында 2025-2029 жылдар кезеңінде кадрларға жалпы қажеттілік қосымша 16 мыңға жуық жұмыс орнын құрайды", - деп толықтырды Алмасадам Сәтқалиев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2209286-almasadam-satqaliev-munai-gaz-salasynda-22-myngga-zhuyq-zhumys-orny-ashylady/