Top.Mail.Ru

Зектілері

Шымкентте АӘК алатындар үшін газ төлеміне жеңілдік беріледі

Жарияланған күні:

Жанып тұрған газ плитасы. Көрнекі сурет
Жанып тұрған газ плитасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Шымкентте АӘК алатындар үшін газ төлеміне жеңілдік беріледі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Шымкент келбеті" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметіне сүйенсек, осы жылы еңбекке қабілетті 12,9 мың АӘК алушының 7,7 мыңы жұмыс істейді, 5,1 мыңы күтіммен айналысады, 56 адам жұмыссыз есебінде тіркелген. Ол отбасыларға мемлекет тарапынан ай сайынғы атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді.

Дегенмен биыл әлеуметтік осал топтағы азаматтардың қатары азайған. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева айтты.

"2025 жылғы 1 қантардағы жағдай бойынша АӘК 5,4 млрд теңге сомасына 8,8 мың отбасындағы 45,9 мың адамға тағайындалды. Қосымша төлем АӘК алушылар арасынан 16,3 мың мектепке дейінгі жастағы балаларға 
625,3 млн теңге сомасына тағайындалды.

Аудандар бөлінісінде АӘК алушылардың көбі Абай ауданында 31 пайыз, Әл-Фараби ауданында 20 пайыз, Қаратау ауданы 18,5 пайыз, Тұран ауданында 17 және Енбекші ауданында 13 пайыз байқалады. Әлеуметтік мәртебелер бөлінісінде АӘК алушылар арасында көбі балалар 31 мың адам немесе 67,5 пайызды құрайды.

Сондай-ақ алушылар қатарында өтініш берген сәтте жұмысы бар адамдар 16,8 пайыз, балаларға, мүгедектігі бар адамдарға, қарттарға күтім жасайтын адамдар 11,1 пайыз, студенттер 2,6 пайыз, жұмыссыздар 0,12 пайыз және басқа санаттағы адамдар 0,9 пайызды құрайды", - дейді Жанат Утебаева.

Биыл енгізілген өзгерістердің қатарында әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындарға газ төлеміне жеңілдік беріледі деген мағлұмат та бар. Нақты айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар газ төлемдеріне 20 пайыз жеңілдік ала алады.

Сондай-ақ 2025 жылы материалдық жағдайды зерттеу негізінде отбасылардың АӘК көрсетуге мұқтаждығы туралы қорытындылар шығаратын учаскелік комиссиялардың қызметін цифрландыру жүзеге асырылмақ. Бұл комиссиялар үшін FSM Social мобильді қосымшасы жасалған.

Оның артықшылығы - геолокацияны анықтау (өтініш берушінің нақты географиялық орны), жедел шешім қабылдау және қорытынды шығару рәсімін оңайлату, зерттеу жүргізу және шешім шығару кезінде формальды тәсілді алып тастау.

Сондай-ақ АӘК тағайындау кезінде азаматтардың банктық есеп шоттарындағы шығыс түрлерін ескеру ұсынылмақ. Айналымда жүрген сома көлемі белгіленген шектен асқан жағдайда комиссия отырысы қайта қарайды. Бұл мемлекеттен негізсіз қаржы алатын азаматтардың жолын кеседі дейді мамандар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210025-shymkentte-aak-alatyndar-ushin-gaz-tolemine-zhengildik-beriledi/