Top.Mail.Ru

Зектілері

Шымкентте мектеп құрылыс мен кәріз жүйесіне қатысты мәселелер көтерілді

Жарияланған күні:

Қазыбек Иса шымкенттіктермен кездесті
Қазыбек Иса шымкенттіктермен кездесті. Фото: otyrar.kz

Парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келді. Шымкент тұрғындарымен кездескен ол жиналғандардың мәселесін тыңдап, проблемаларды талқылады. Жиында кәріз, мектеп құрылысы, білім ошағына атау беру мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Қатынкөпір шағынауданының тұрғындары депутатқа кәріз мәселесін айтып шағымданды. Сөздерінше, аймақта бірнеше жылдан бері уәде етілген кәріз жүйесі әлі жүргізілмеген. Ал тұрмыстық қалдық суды жинайтын септикті тазалау үшін тұрғындар ай сайын шамамен 10 мың теңге көлемінде қаржы жұмсайтын көрінеді. Мәжіліс дептутаты Қазыбек Исамен кездесуге жиналған жұрт халық қалаулысынан осы мәселенің түйінін тарқатуды сұрады.

"Жаңадан салынған барлық мөлтекауданда кәріз жүйесі салынған да, осындағы тұрғылықты адамдардың кәріз жүйесі жоқ. Көптеген қиындық туындап жатыр. Септиктер проблемалы. Мен өзім ай сайын 10 мыңға сорғызамын. Сонда ойлап қараңыз, жылына 120 мың теңге канализацияға төлейді екенмін", - деді тұрғын.

Депутат жиында көтерілген барлық мәселені өз деңгейінде қарап шығып, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Сонымен қатар қаладағы бірнеше нысанды аралаған Қазыбек Иса жұмысшы мамандықтарын дайындаудың маңыздылығын атап өтті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жұмысшылар жылы" дегені өте дұрыс деп ойлаймын. Еліміз бойынша жұмысшы мамандықтары жетіспейді. Кәсіпке баулитын колледждерге көңіл аударып жатыр. Мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінде оларға басымдық беру, жағдай жасау, қолдау көрсету мәселесін қарағанбыз", - деді ол.

Кездесуде №51 мектепке Кеңес одағының батыры Ережепбай Молдабаевтың атын беру мәселесі көтерілді. Депутат, батырдың есімі тарихи тұлғалар тізіміне енді ғана енгендіктен бұл мәселе 2025 жылы шешімін табуы мүмкін екенін жеткізді. Сондай-ақ биыл айтулы білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қарау мәселесі де көтерілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210037-shymkentte-mektep-qurylys-men-kariz-zhuiesnie-qatysty-maseleler-koterildi/