Шымкентте ең көп зейнетақы мөлшері қанша
Жарияланған күні:
Шымкентте 300-400 мың теңге көлемінде зейнетақы алатын қариялар бар. Бұл егде азаматтарға берілетін қаржы мөлшерінің жоғарғы көрсеткіші. Ал ең төменгі зейнетақы көлемі 32 мың теңгені құрайды. Бұл бұрын-соңды жұмыс істемеген, зейнетақы қорына мүлдем ақша түспеген кісілерге берілетін базалық сома. Осы ретте Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің өкілдері баспасөз отырысын өткізіп, саладағы өзгерістер мен толықтырулар ретін баяндады, деп хабарлайды Ontustiktv.kz.
Ең көп зейнетақы алатындар – базалық, ырықты жарнасы қалыптасып, оның 10 пайызын төлегендер. Бұл ретте әйелдердің әлеуметтік мәртебесі, көпбалалы ана болуы да маңызды. Қуғын-сүргін азабын тартқандар үшін де мемлекет зейнетақы мөлшерін еселейді.
"Базалық зейнетақы, ырықты зейнетақы көлемі бар. БЖЗҚ-дан төленетін 10 пайыздық жарнасы, көпбалалы ана болу, қуғын-сүргін азабын тартқандарға төленетін ақшалар қосылып 200-300 мыңға дейін жетуі мүмкін", - деді еңбек пен әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Ержан Ермаханұлы.
Телеарна мәліметінше, айлық есептік көрсеткіш көлемі 300 теңгеге өсіп, ең төменгі зейнетақы мөлшеріне 4918 теңге қосылған. Бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы да көбейген. Үш балаға дейін мемлекет 149 416 теңге төлесе, төртінші балаға 247 716 теңге береді. Жұмыс істемейтін әйелдер бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі үшін ай сайын сәби санына қарай 34 995 теңгеге дейін жәрдемақы алып отырады.
"Жәрдемақы мөлшері мен зейнетақы көлемі 8,5 пайызға артты", - деді Ержан Ермаханұлы.
Баспасөз отырысында спикерлер саладағы салмақты мәселелерді сараптап, журналистер сауалына жауап берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210058-shymkentte-eng-kop-zeinetaqy-molsheri-qansha/