Ертіске құлаған көлік: суға батқандарды іздестіру жұмыстары қалай жүріп жатыр
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар министрлігі өкілі брифингте Абай облысында көлікпен бірге суға құлап кеткен адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Төтенше жағдайларды жою департаменті басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дидар Қажкенов оқиға туралы хабарлама 112 пультіне 5 қаңтар күні сағат 06.00-де түскенін еске салды.
"Көліктің көпірден құлағаны хабарланды. Біздің күштер бірден сол жерге қарай бет алды. Куәгерлердің бірі көлік салонында 4 адам болғанын түсіндірді. Жүргізуші өздігінен шыға алды, ал үшеуі қалды. Абай облысының төтенше жағдайлар департаменті дереу шақыру орнына авариялық-құтқару жұмыстарын, сүңгуірлік жұмыстарды жүргізу үшін күштер мен құралдар жіберді", - деп қосты ол.
Оның айтуынша, 5 қаңтарда сағат 09:00-де жас жігіттің денесі табылған.
"Қазіргі уақытта сүңгуір жұмыстарына республикалық жедел-құтқару жасағынан 10 адам, екі техника тартылды, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары, сонымен қатар, Павлодар облысының құтқарушылары тартылды. Екі адамның – әйел мен ер адамның денесін іздеу бойынша сүңгуірлік жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта сүңгуірлік жұмыс күрделі, өйткені қазір мұз қатқан және суға түспес бұрын құтқарушылар да өздерінің қауіпсіздігіне, жеке қауіпсіздігіне көз жеткізуі керек. Олар мұздың қалыңдығын өлшейді, содан кейін барып сүңги алады. Температураға байланысты сүңгуірлерге де рұқсат бар, бұл жұмысты біршама қиындатады. Осылайша, іздеу-құтқару жұмыстарына барлық ресурс жұмылдырылды", - деп түсіндірді спикер.
Ол көлік судан шығарылғанын тағы еске салып өтті.
"Бірақ екеуі (қашан табылатынын – ред.ескертпесі) өкінішке қарай, айта алмаймын, өйткені ағыс және тереңдікті ескеру керек. Уақыты, мерзімі бойынша ештеңе айта алмаймын", - деп түйіндеді сөзін Қажкенов.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында жеңіл көлік Ертіс өзеніне құлап кеткенін жазған едік. Сол кезде полиция өкілдері іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210375-adamdar-mingen-kolik-ertiske-qulady-suga-batqandardy-izdestiru-zhumystary-qalai-zhurip-zhatyr/