Алматыда құны 420 миллион теңгеден асатын "синтетика" прекурсорлары тәркіленді
Жарияланған күні:
Алматыда арнайы іс-шара барысында полиция қызметкерлері әртүрлі ауданнан 3 тоннадан астам прекурсорларды анықтап, тәркіледі. Сондай-ақ оларды сатумен айналысқан қылмыстық топ қамауға алынды, деп хабарлайды Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі.
Алматы полициясы арнайы іс-шараны ҰҚК-нің көмегімен және қалалық Прокуратураның үйлестіруімен жүргізді.
"Жақында Алматы мен Алматы облысының әртүрлі ауданында синтетикалық есірткінің негізгі құрамдас бөлігі - БК-4 прекурсорларын сатумен айналысқан қылмыстық топтың 9 мүшесі ұсталып, қамауға алынды. Ұсталғандардың тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту кезінде ірі көлемдегі сұйықтық құйылған канистрлер, есірткі заттарын өндіруге арналған зертханалық жабдықтар, ұнтақты заты бар ыдыстар, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілерге ұқсас заттар табылды және тәркіленді. "Айғақты заттар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді", - деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес Басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Қабылданған шаралармен есірткі сатушылардың заңсыз тауарларды сақтаған үш орны белгілі болды.
Бұл ғимараттардан жалпы құны 422 миллион теңге (802.500 АҚШ доллары) болатын 3 тонна 210 литр прекурсор табылды және тәркіленді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2210582-almatyda-quny-420-million-tenggeden-asatyn-sintetika-prekursorlary-tarkilendi/