Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкері "Айбын" орденімен марапатталды
Жарияланған күні:

Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Алматы облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы, полицияның аға лейтенанты Шалхар Байжомартов ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Бұл туралы Алматы облысы ПД Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Мемлекеттік награданы марқұмның әкесіне Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков Алматы облысы полиция департаментіне жұмыс сапары барысында табыстады. Ол отбасына көңіл айтып, аға лейтенант Байжомартовтың ерлігі мен қызметіне адалдығын атап өтті.
"Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмысқа қарсы күресте және тәртіпті қамтамасыз етуде әрдайым алдыңғы қатарда. Шалхар Байжомартов өз өмірін құрбан ете отырып, Отанына адал қызмет еткенін дәлелдеді", - деді Айдар Сайтбеков.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 20 желтоқсанда болған. Полиция мәліметінше, Toyota Camry 35 көлігінің жүргізушісі көктайғақ салдарынан рульге ие бола алмай, патрульдік полиция қызметкерін қаққан. Жүргізуші инерциямен полиция көлігіне де соқтығысқан.
"Полиция аға лейтенанты Шалхар Байжомартов мәңгілікке өз қызметіне адал, ерлікке толы офицер ретінде есте қалады. Оның ерлігі – азаматтардың қауіпсіздігі үшін күнделікті тәуекелге бел буатын полиция қызметкерлерінің еңбегінің маңыздылығын еске салатын үлгі", - деп түйіндеді сөзін Айдар Сайтбеков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2211462-qyzmettik-boryshyn-oryndau-kezinde-qaza-tapqan-politsiia-qyzmetkeri-aibyn-ordenimen-marapattaldy/