Қазақстанның бес облысында заңсыз көші-қон арналары жойылды
Жарияланған күні:

Ішкі істер министрлігі елге түрлі қылмыстық және террористік элементтердің енуіне жол бермеу мақсатында заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың мәлімдеуінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерімен бірнеше қылмыстық топ ұсталған.
"Түркістан және Жамбыл облыстарында қолдан жалған құжаттар жасау және оларды бұрмалау арқылы шетелдік азаматтардың заңсыз көші-қонын ұйымдастыруға қатысы бар үш қылмыстық топтың жолы кесілді.
Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында шетелдіктерді іргелес мемлекеттің аумағына шекараның қиылысқан жерлері арқылы заңсыз тасымалдауға ниет білдірген қазақстандықтарға қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр.
Қызылордада ҰҚК шекара қызметімен бірлесіп, шетелдіктердің Қазақстан аумағында заңсыз болуы үшін жалған анықтамалар дайындау бойынша "делдалдық" қызметтер көрсетумен айналысқан адамдар тобы ұсталды", - деді ол.
ІІМ өкілі барлық көрсетілген факт бойынша 20-дан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанын айтты.
"Олардың мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылуы мүмкін. Заңсыз көші-қон арналарын жою жұмыстары жалғасып жатыр", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2212113-iim-zangsyz-koshi-qon-arnalary-zhoiyldy/