"12-сі мемлекет меншігінде": Қазақстанның ірі қалаларындағы әуежайлар кімге тиесілі
Жарияланған күні:

Қазақстанның үш ірі қаласы – Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыс орталығындағы әуежайлар кімге тиесілі екені белгілі болды. Қазіргі таңда елде республикалық және облыстық маңызы бар 20 әуежай жұмыс істейді, оның ішінде 12-сі мемлекеттік әуежай, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Көлік министрлігі сенімгерлік басқарудағы және жеке меншіктегі әуежайларға қатысты портал тілшісінің ресми сауалына жауап берді.
Ведомство өкілдері Қазақстандағы халықаралық әуежайлар стратегиялық объектке жататынын (Азаматтық кодекстің 193-1-бабының 2-тармағына сәйкес) және олардың мемлекеттік және жеке меншікте болу мүмкіндігі бар екенін айтады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда республикалық және облыстық маңызы бар 20 әуежай жұмыс істейді, оның ішінде 12-сі мемлекеттік әуежай.
Мемлекет меншігіндегі әуежайлар Астана, Атырау, Түркістан, Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Семей, Балқаш, Көкшетау қалаларында орналасқан.
Жеке меншіктегі әуежайлар
"Алматы халықаралық әуежайы" 2021 жылдан бастап Tav Airports Holding компаниясына тиесілі;
"Орал" халықаралық әуежайы" ЖШС 2023 жылдың ақпан айынан бастап "Орал әуежайы Холдинг" ЖШС-не тиесілі;
"Әулие Ата халықаралық әуежайы" АҚ 2011 жылдан бастап SCAT АҚ-ға тиесілі;
"Сары-Арқа" әуежайы" АҚ 2005 жылдан бастап Sky Service ЖШС-не тиесілі;
"Жезқазған-эйр" авиакомпаниясы" АҚ 2015 жылдан бастап "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-не тиесілі.
Сенімгерлік басқарудағы әуежайлар
2007 жылы "Ақтау халықаралық әуежайы" АҚ акцияларының 100 пайызы 28 жыл мерзімге «"TM Grup"-ке берілді;
"2024 жылы "Шымкент әуежайы" АҚ акцияларының 100 -ы "SCAT" АҚ-ға 10 жыл мерзімге берілді;
2022 жылы Петропавл қаласының халықаралық әуежайы 5 жыл мерзімге "Қызыл-Жар халықаралық әуежайы" ЖШС-не берілді.
Осы ретте Көлік министрлігі өкілдері не себептен әуежайларды басқаруды инвесторлар тартылатынын түсіндірді.
"Авиация – капиталды көп қажет ететін сала. Инфрақұрылым объектілерін жаңғырту, сервисті, күрделі және операциялық шығындарды арттыруға қомақты қаражатты ұдайы инвестициялау талап етіледі, осы мақсатта әуежайларды басқаруда жеке капиталы мен тәжірибесі бар инвесторлар тартылады. Қазіргі таңда инвесторлар басқармасына берілген барлық әуежай бойынша жергілікті атқарушы орган және уәкілетті орган тарапынан қабылданған міндеттемелерді мүлтіксіз сақтау бөлігінде тұрақты бақылау жүргізіледі. Шетелдік инвесторлар тарапынан авиация саласының сұранысын ескере отырып, ұлттық мүдделерді, қолданыстағы қуаттарды ұлғайту, қауіпсіздік пен сапа стандарттарын арттыру жөніндегі міндеттемелерді қорғау келіссөздер процестеріндегі басым бағыт болып саналады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар әуежайлар стратегиялық объект болып саналатындықтан Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiгіне қатер төнген жағдайда Үкімет қандай шара қабылдайтыны айтылды.
""Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабына сәйкес, стратегиялық объект болып есептелетін әуежайды елдің мүддесiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарамастан пайдаланудан Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiгіне қатер төнген жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Үкiметiмен келiсім бойынша әуежайды пайдаланушыға қатысты уақытша басқаруды енгiзеді", - дейді Көлік министрлігі өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Terminals Astana Airport Management LLP араб компаниясымен жасалған сенімгерлік басқару шарты мерзімінің аяқталуына байланысты "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ акцияларының 100 пайызы Астана қаласының коммуналдық меншігіне өткенін хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2212473-12-si-memlekettik-auezhai-qazaqstannyng-iri-qalalaryndagy-auezhailar-kimge-tiesili/