Зектілері

Алматының Түрксіб ауданындағы газ құбыры қалпына келтіріліп, тексеру жұмыстары басталды

Жарияланған күні:

газ құбырын тексеріп жатқан маман
Газ құбырын тексеріп жатқан маман. Оқиға орнынан фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматының Түрксіб ауданындағы газ құбыры қалпына келтіріліп, тексеру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Түрксіб ауданындағы кәріз құбырларын өз бетінше төсеу барысында бүлінген орташа қысымды жерасты газ құбыры коммуналдық қызметтің жедел іс-қимылының арқасында қалпына келтірілген.

Газ құбыры бір мекеменің кәріз құбырларын өз бетінше тарту барысында зақымданған.

"Жеке тұлғалар қалалық қызметтердің келісімінсіз түнде асфальтты тесіп, газ құбырын зақымдаған", - делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Салдарынан бірнеше қазандықтың жұмысы тоқтатылған.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына QazaqGaz Aimaq АҚ-ның 150 жұмысшысы мен 6 техника бірлігі жұмылдырылған. Тұтынушылардың бір бөлігін үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мақсатында "АТКЭ" ЖШС-нің "Әуежай" қазандығы мәжбүрлі түрде резервтік отын – мазутқа ауыстырылған.

"Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша газ құбырындағы ақау жойылды. Мамандар жүйеге қысым сынағын жүргізеді, содан кейін тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әрбір үйге барып, газды кезең-кезеңімен қосу жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындарды қауіпсіздік техникасын сақтауға және газды өздігінен қоспауға шақырамыз.

Алматының қала құрылысы бақылау басқармасы бұл факт бойынша жоспардан тыс тексеру жұмыстарын бастады. Соның нәтижесінде әкімшілік шаралар қабылданып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Сонымен қатар бұзушылық салдарын жоюға кеткен барлық шығын кінәлі тұлғаға жүктеледі", - делінген хабарламада.

Әкімдік өкілдері кез келген инженерлік желілерге қосылу үшін жеке және заңды тұлғалар желілерге қосылу бойынша техникалық шарттарды алуы, сызбаның негізінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, оны коммуналдық кәсіпорындармен (ШЖҚ "Алматы Су" МКК, "Алматы жылу желілері" ЖШС, "QazaqGaz Aimaq" АҚ, "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ) келісуі қажет екенін еске салды.

"Сондай-ақ құрылыс басталғаны туралы қала құрылысы бақылау басқармасынан талон алып, аудандық әкімдікті хабардар етуі керек. Құрылыс-монтаж жұмыстары коммуналдық кәсіпорындардың бақылауымен жүргізілуге тиіс. Жұмыс аяқталған соң фото/бейне есепті Қала құрылысы бақылау басқармасында тіркеу қажет", - деп қосты әкімдік өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2212598-almatynyng-turksib-audanyndagy-gaz-qubyry-qalpyna-keltirilip-tekseru-zhumystary-bastaldy/