"Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан азаматтары": азаптау фактісі бойынша құқық қорғау органының 6 қызметкері сотталды
Жарияланған күні:

Алматы облысы Қарасай аудандық сотында құқық қорғау органдарының алты қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот азаптау және өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша үкім шығарды. Сот үкімімен айыпталғандардың алтауы да 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Алматы соттарының Telegram-арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алматы облысы Қарасай аудандық сотында азаптаулар қолданды (ҚК 146-бабының 1-бөлігі) және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды (ҚК 362-бабының 1-бөлігі) деп айыпталған құқық қорғау органдарының 6 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот 2022 жылдың қаңтарында 44 жәбірленуші, оның ішінде Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары УП арнайы қабылдағышына орналастырылғанын, сотталушылар лауазымдық өкілеттігін пайдалана отырып, заңға қайшы әрекеттер жасап, салдарынан зардап шеккендер азапталғанын анықтады.
Осы тұста прокурор сотталушыларды кінәлі деп тануды және оларға 3 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұраған.
"Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, сотта расталған және зерттелген басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді.
️Сот үкімімен 6 полиция қызметкері 146-баптың 1-бөлігінде (2023 жылғы 17 наурызға дейін редакцияда) және ҚК-нің 362-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Қылмыстық кодекстің 58-бабының 2-бөлігіне сәйкес әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Барлық сотталған азамат мемлекеттік қызметте лауазымдарды, сондай-ақ арнаулы атақтарды атқару құқығынан айырылды", - делінген Алматы соттары баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2212692-almaty-oblysynda-sheteldikterdi-azaptady-dep-aiyptalgan-quqyq-qorgau-organdarynyng-alty-qyzmetkeri-sottaldy/