Зектілері

"Әскер құрамын толықтырудың қосымша әдісі": Қазақстанда резервтік қызмет енгізіледі

Жарияланған күні:

Әскери қызметші
Әскери қызметші. Көрнекі фото: NUR.KZ/ Владимир Третьяков

Қазақстанда 2025 жылдан бастап резервтік қызмет енгізіледі. Бүгін мәжіліс отырысында депутаттар резервтегі қызмет мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Мәжіліс резервтегі қызмет мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл әскер құрамын толықтырудың қосымша әдісі болады. Сондай-ақ қажетті әскери мамандықтар бойынша резервтік күштерді дайындауға, резервшілердің тікелей әскери бөлімдерге келуіне байланысты әскери бөлімдердің даярлық мерзімін қысқартуға, жауынгерлік дайындықты арттыруға мүмкіндік береді", - делінген мәжілістің Telegram-арнасында жарияланған хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада заңда оқу немесе жиын кезеңінде әскери қызметші мәртебесін алатын жаңа "әскери резервші" ұғымы енгізілетіні айтылған.

"Резервтік қызметті енгізу 2025 жылға жоспарланған. Осылайша әскер дайындығын жетілдіру жалғасады. Бұл тәсіл ТМД елдерінде және әлемдік деңгейде қолданылады. Қазақстанның Әскери доктринасы қорғанысқа бағытталған, сол себепті еліміз бейбіт уақытта да агрессияға тойтарыс беріп, қажет болған жағдайда мемлекеттің аумақтық тұтастығын қорғауға қабілетті жауынгерлік армияны қалыптастырады.

Бастапқы кезеңде Қорғаныс министрлігі еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңға жуық ерікті жинауды жоспарлап отыр. Болашақта әскерге шақыру әскер қажеттілігіне байланысты реттелетін болады", - делінген хабарламада.

Хабарламада резервшілер қызметке ерікті түрде шақырылатыны атап өтілген.

"Резервтегі қызмет мәселелері туралы заң Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтарына қолданылатын болады. Бұл ретте жұмысқа қабылдаудың басты қағидаты – оның ерікті түрде болатыны. Резервші болғысы келетіндерге мынадай талаптар қойылады: офицерлер үшін 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін 50 жасқа дейін жас шектеуі және денсаулық жағдайына қойылатын талаптарға сай болуы керек", - деп түсіндірді мәжіліс өкілдері.

Резервшілер тұрғылықты жерінде орналасқан әскери бөлімдерде дайындықтан өтеді. Бұл ретте резервтегі қызмет толығымен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын болады. Әскери резервтегі жауынгерлерге оқу кезеңінде ең төменгі айлық жалақы, ал 30 күндік оқу-жаттығу жиыны кезінде орташа айлық жалақысы көлемінде төлемақы төленеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2214054-qazaqstanda-2025-zhyldan-bastap-rezervtik-qyzmet-engiziledi/