Түркістан облысында 4 жыл бұрын жоғалып кеткен қыз табылды
Жарияланған күні:

Түркістан облысы Төлеби ауданының полиция қызметкерлері 4 жыл бұрын із-түссіз жоғалып кеткен қызды тауып, анасымен қауыштырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, 2021 жылғы жаз айында жергілікті тұрғын полицияға 16 жастағы қызының жоғалып кеткенін айтып, арызданған.
Қажетті мәліметті алған соң полиция қызметкерлері іздестіру шараларын қолға алған.
Бірнеше жыл өтсе де тұрғынның арызы негізінде іздеу жұмыстары жалғасып, нәтижесінде 2025 жылғы қаңтарда бір-бірінен көз жазып қалған анасы мен қызы табысқан.
"Қызымнан хабарсыз қалып, қандай жағдайда екенін біле алмай жүрген күндер артта қалды. Көп рақмет сіздерге. Арасында өздеріңізге де сенімсіздік білдірген едім, бүгін міне үмітім ақталып отыр. Сіздерге алғысым шексіз", - деген ана қуаныштан көз жасына ерік берген.
Полиция қызметкерлері жас қызды Алматы қаласындағы тамақтану орындарының бірінде жұмыс істеп жүрген жерінен тапқан.
Бүгінде қыздың осынша уақыт қайда, не себептен хабарсыз кеткенін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Полицейлер осы жайт бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2215916-turkistan-oblysynda-politsiia-qyzmetkerleri-4-zhyl-buryn-zhogalyp-ketken-qyzdy-izdep-tapty/