"1500-ден астам бала аналарымен қауышуды күтіп отыр": депутаттар сотталған әйелдерге рақымшылық жасауды ұсынды
Жарияланған күні:

Мәжілістің жалпы отырысында "Ауыл партиясы" фракциясының депутаттары Ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдады. Олар жазасын өтеп жатқан кей әйелдерге рақымшылық жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Құрметті Ержан Сапарбекұлы!
Биыл Конституциямыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Онда отбасы және ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады деп белгіленген. Яғни әйелдердің ана ретіндегі құқығын қорғауға мемлекет ерекше көңіл бөледі.
Біздің еліміз қылмысқа қатысты саясатты гуманизациялау бағытын ұстанады.
Сондықтан "Ауыл партиясының" фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге рақымшылық жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады", - деді депуаттық сауалды оқыған Қарақат Әбден.
Депутаттардың айтуынша, мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
"Бүгінгі таңда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы — аналар, оның ішінде 250-і көп балалы аналар. 1500-ден астам бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтіп отыр. 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген. Бұлар жай ғана цифрлар емес бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылыуынан айырылған сәбилер. Ана махаббаты, ананың қамқорлығы — баланың дені сау болып өсуінің, психикалық және әлеуметтік дамуының бұлжымас негізі", - делінген депутаттық сауалда.
Осы орайда депутаттар сотталған әйелдерге рақымшылық жасау үшін келесі критерийлерді назарға алуды ұсынып отыр:
- зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;
- жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;
- көпбалалы әйелдер;
- бірінше рет сотталған әйелдер;
- жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.
"Ал ауыр, аса ауыр, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге рақымшылық жасалмайды", - деді депутаттық сауалды оқыған Қарақат Әбден.
Депутаттар әйелдерге рақымшылық жалса, еліміздің пенитенциарлық жүйесіне, балалар үйлеріне түсетін жүктеме төмендейтінін, әлеуметтік шиеленіс азаятынын, мемлекетіміздің адам құқықтары мен отбасыны қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстанатынын растауға мүмкіндік туатынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2216163-1500-den-astam-bala-analarymen-qauyshudy-kutip-otyr-deputattar-sottalgan-kei-aielderge-raqymshylyq-zhasaudy-usyndy/