Абай облысында 9-сынып оқушысы су құбырындағы ағыннан электр энергиясын өндіретін жүйе ойлап тапты
Жарияланған күні:

Абай облысында 9-сынып оқушысы көпқабатты үйлердің су құбырындағы ағын арқылы электр энергиясын өндіруге арналған шағын гидроэлектростанция әзірледі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бесқарағай ауданы Нұрлыбек Баймұратов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Дидар Баталов су құбырларында тұрақты түрде қалыптасатын қысымды тиімді пайдалану арқылы оны электр энергиясына айналдыруды көздейді. Бұл үшін ол су есептегіштеріне ұқсас мини-турбиналарды құбырларға орнатуды ұсынды. Жобаның жетекшісі – Мейрамғали Жексенаев.
"Құрылғының қарапайымдылығы оны кез келген су құбырына орнатуға мүмкіндік береді. Мұндай шағын гидроэлектростанциялар көпқабатты үйлердің кіреберістері мен баспалдақ алаңдарын жарықтандыруға қажетті электр энергиясын өндіре алады, сондай-ақ пәтерлерге жеке орнатуға да болады",- дейді жоба авторлары.
Құрылғы экологиялық таза әрі тиімді шешім ретінде көмір мен басқа да отын көздеріне тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар энергияны үнемдеуге және қосымша қуат көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Идея авторы аталған құрылғыны баламалы энергетика саласында жаңа қадам деп атады. Оқушының жетістігі болашақта қала инфрақұрылымын жетілдіруде маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2216978-abai-oblysynda-9-synyp-oqushysy-su-qubyryndagy-agynnan-elektr-energiiasyn-ondiretin-zhuie-oilap-tapty/