СҚО-да бес адамның өмірін жалмаған өрт: аман қалған бозбалаға қайырымды жандар пәтер сыйлады (видео)
Жарияланған күні:

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында үй өртеніп, бес адам көз жұмған болатын. Қайығылы оқиға кезінде колледж жатақханасында болып, өрттен жалғыз өзі аман қалған 16 жастағы бозбалаға қайырымды жандар ақша жинап, пәтер тарту етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Instagram желісінде "Человек в маске" лақап атпен танымал жігіт қайғылы жағдайға душар болған жасөспірімнің жағдайына бей-жай қарамай, оған көптің көмегімен қолдау көрсеткен сәтінен видео жариялады.
"Жаңа бақыт, пәтер сыйладық", - деп жазды қайырымдылық жасап жүрген жігіт парақшасында.
Видеода 16 жастағы Стас есімді бозбала отбасынан айырылып қалғаннан кейін жалғызсырап жүргенін айтады.
"Есімім Станислав, 16 жастамын. 4 күн бұрын өрттен отбасым қаза болды - әкем, үш қарындасым мен бауырым. Өрт кезінде мен қалада, жатақханада болдым. Өрт себебі әзірге белгісіз. Десе де сымнан өрт шықты деп топшылап отыр. Әкем 40-та, үлкен қарындасым 18-де, тағы бірі 13-те, бауырым 10-да, ең кіші қарындасым жетіде еді. Жеті жыл бұрын анамнан айырылдым. Көзім дұрыс көрмейді, минус төрт. Бауырым мен қарындастарымды қалаға оқуға алып кетуді армандаушы едім. Енді менде бұл мүмкіндік те жоқ. Қазір жалғызсырап жүрмін. Әрі қарай не істерімді білмеймін", - деп ағынан жарылды Стас.
"Сенің жан жараңды, басыңнан өткен жағдайды елестету мүмкін емес. Десе де жалғыз емессің, бұны бірге еңсере аламыз. Енді оқуға шығын туралы алаңдамасаң болады. Сондай-ақ ем алатын боласың. Сонымен қатар пәтер иесі атандың", - деп қайырымды жігіт бозбаланың еңсесін көтерді.
Бетперде киген бейтаныс жан біраз уақыттан бері мұқтаж адамдарға қайтарымсыз көмек беріп келеді. "Бетперделі адамның" өзі туралы мәлімет өте аз. Өзінің оқырмандар сауалына берген жауаптарында ол адамдарға қайырымдылық жасау идеясы бала кезіндегі арманынан пайда болғанын атап өткен.
"Мен өз миссиямды іздедім, бір күні өзіме: "Егер мен бай болсам, немен айналысар едім?", - деген сұрақ қойдым. Сол кезде бала күнімде адамдарға көмектескенді жақсы көретінім есіме түсті", - деп жазды бетперделі адам.
Еске салсақ, 23 қаңтар күні Солтүстік Қазақстан облысының Ступинка ауылында жеке үйде болған өрттен екі ересек адам мен үш бала қаза тапқаны белгілі болған еді.
Кейін өрттен отбасының бір мүшесі аман қалғаны анықталып, облыс әкімдігі марқұмдардың жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсететінін әрі бозбаланы тұрғын үймен қамтамасыз ету жағы қарастырылатынын мәлімдеген болатын.
"Кәмелетке толмаған студент енді колледж жатақханасында тегін тұрады. Оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Материалдық көмек көрсету және оқу ақысын төлеу мәселесі шешіледі. Алдағы уақытта тұрғын үймен қамтамасыз ету жағы қарастырылады. Жақын туыстарына қамқоршылық ресімдеу мәселесі ерекше бақылауда болмақ", - деген еді СҚО әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдіреш.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2217146-sqo-da-bes-adamnyng-omirin-zhalmagan-ort-aman-qalgan-bozbalaga-qaiyrymdy-zhandar-ui-syilady-video/