Жетісу облысында мектеп асханасынан тышқан табылды
Жарияланған күні:

Әлеуметтік желіде мектеп асханасында тышқан жүргені туралы жазба тараған еді. Бұл оқиғаға қатысты Ақсу аудандық білім бөлімінің өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, мектеп асханасында жүрген тышқанды түсіргендердің бейнежазбасы Telegram-дағы арналардың бірінде жария болған. Бір таңқаларлығы зиянкес адам жақын барып видеоға түсіріп жатса да, қашпайды. Әлде қаша алмайды.
Болған жағдайға байланысты Жетісу облысы Ақсу аудандық білім бөлімі өкілдері түсінік берді.
"Көрсетілген видео Ақсу ауданы Қаракемер орта мектебінің асханасы. Асхананы 2024-2025 оқу жылына мердігер "Шебер" жеке кәсіпкерлігі пайдаланатыны анықталған. Мердігер мектеп асханасына дератизация жұмыстарын жүргізуге ДСМ санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитетінің "Ұлттық сараптама орталығы" Жетісу облысы бойынша филиалының Ақсу аудандық бөлімшесімен оқу жылының басында келісімшарт жасаған. 2024 жылы қараша айында мектеп асханасына "Фипрат ALT" ТБ атты препаратпен дератизация жұмыстары жүргізілген. Аудан бойынша білім беру ұйымдарына оқу жылының басында ДСМ санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитеті Ақсу аудандық санитарлық-эпидемологиялық бақылау басқармасы тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілген", - деді Ақсу аудандық білім бөліміндегілер.
Ал аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасы заң жүзінде жоспардан тыс тексерулер анонимді жолданым болған жағдайда жүргізілмейтінін мәлімдеді.
"Бейнежазбада көрсетілген фактілер бойынша Ақсу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін "Е-өтініш" порталы арқылы халықтың өмірі мен денсаулығына зиян/қатер келтірудің нақты фактілері көрсетілген бұзушылықтарды көрсете отырып өтініш жолдау қажет", - деді Ақсу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Әйгерім Санаққызы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2218064-zhetisu-oblysynda-mektep-ashanasynan-tyshqan-tabyldy/