Өрт шығып, үш адам көз жұмған: Шымкенттегі ойын-сауық саябақтарының бірі бұзылады
Жарияланған күні:

Шымкентте өрт шығып, үш адам қаза болған ойын-сауық саябағы бұзылатын болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жоғарғы соттың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2011 жылы компания Шымкент қаласының орталығында орналасқан саябақтан 4 гектар жер телімін жалға алған.
Алайда жерді жалға алушы онда балалар орталығын ашудың орнына "Қиял әлемі" ойын-сауық саябағын салған.
Соңғы жылдары бұл орында өрт шығып, қайғылы оқиға салдарынан екі студент пен бір адам көз жұмған.
Әкімдік компанияның жалдау шартының талабын бұзғанын алға тартып, оны жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. МАЭС-ы және апелляция компанияны жер телімін коммуналдық меншікке қайтаруды міндеттеді.
Бұл шешім заңды күшіне енгеннен кейін әкім саябақтағы заңсыз салынған құрылыстарды компания есебінен бұзып, жер телімін бұрынғы қалпына келтіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Сотта компания жер телімінде орналасқан аттракциондарды, әткеншектерді және басқа да құрылыстарды пайдалануға қабылдау актілерін заңнамада белгіленген тәртіппен ресімдеу туралы дәлелдемелерді ұсынбаған.
"Сот жоғарыда аталған мән-жайларды, сондай-ақ компанияның жер телімін заңсыз пайдалану фактісін ескере отырып, талап қоюды қанағаттандырып, компанияны рұқсатсыз иеленген 4 га жер телімін ғимараттарды бұзу арқылы бастапқы күйіне қайтарып босатуды міндеттеді", - делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2218076-ort-shygyp-ush-adam-koz-zhumgan-shymkenttegi-oiyn-sauyq-saiabaqtarynyng-biri-buzylatyn-boldy/