АҚШ шекарасындағы заңсыз мигранттар лагерьлерінде қазақстандықтар бар ма: СІМ өкілі жауап берді
Жарияланған күні:

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев АҚШ-та заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, АҚШ шекарасында заңсыз мигранттарды қоныстандыратын лагерьлерде Қазақстан азаматтары жоқ.
"Вашингтондағы Қазақстан елшілігі және басқа да консулдық мекемелер АҚШ-тағы азаматтарға қатысты тұрақты есеп жүргізіп тұрады. Жақында біздің елшілік АҚШ-тың көші-қон саясаты бойынша мәлімдеме жасады. Яғни, аталған елде заңсыз жүрген адамдарға тиісті шара қолданылмақ. Дәл қазір заңсыз жүрген адамдардың нақты санын айта алмаймын. Бірақ олардың барлығына ескерту жолданды. Шамамен қанша адам заңсыз жүргені туралы ақпарат бізде бар. Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдасаңыздар, олардың санына қатысты нақты мәлімет береміз", - деп жауап берді Ермұхамбет Қоныспаев тілшілер сұрағына.
Еске сала кетейік, АҚШ мигранттарға қатысты саясатын қатаңдатты. Соған байланысты өткенде Қазақстан елшілігі сол елде жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады.
АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты ел билігі қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізбек, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылады.
АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметі елде заңсыз жүрген және депортацияланатын азаматтары бар елдердің тізімін жариялады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2218202-aqsh-shekarasyndagy-zangsyz-migranttar-lagerlerinde-qazaqstandyqtar-bar-ma-sim-okili-zhauap-berdi/