Сауда вице-министрі: Үй жанындағы дүкендер үшін қосылған құн салығы өспейді
Жарияланған күні:

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәжіліс кулуарында қосылған құн салығы өссе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сауда және интеграция вице-министрі бірқатар салада қосылған құн салығын көтеру туралы мәселе жоқ екенін айтқан.
"Қазіргі таңда үй жанындағы дүкендерге қосылған құн салығын қоспау мәселесін қарастырып жатырмыз. Негізгі түсіністік бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында қосылған құн салығын көтеру мәселесі жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға да қосылған құн салығы өспейді деп пайымдап жатырмыз, жоспарлап жатырмыз", - деді Қайрат Төребаев.
Вице-министр әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы қосылған құн салығының өскеніне қарамастан өсуі мүмкін екенін айтады.
"Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы әрдайым болады. Бірақ сіз айтып отырғандай қарқынды өсім болмайды", - деді Қайрат Төребаев.
Еске сала кетейік, 28 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс берушілер үшін әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төмендетіп, ҚҚС-ты көтеруді ұсынды.
Ал үкіметте өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ҚҚС көтерілгеннен кейін Қазақстанда азық-түлік пен басқа да тауарлар сөзсіз қымбаттайтынын айтқан еді.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда ҚҚС-ты көтеру жоспары туралы айта келе, жаңа мөлшерлеме әлі анықталмағанын, бірақ 16-20 пайыздық мөлшерлеме аясында болатыны талқыланып жатқанын айтты.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов сенат кулуарында қосылған құн салығы көтерілгеннен кейін инфляцияны қалай тежеуге болатыны туралы айтты.
Ал мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Бейсенғалиев қосымша құн салығын көтеру туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, ҚҚС айналым салығына айналуы мүмкін, ал барлық сома тауардың өзіндік құнына қосылып, түпкілікті тұтынушы үшін қосымша қаржылық ауыртпалық болады. Сондай-ақ депутат бизнестің бұдан да бетер бөлшектеніп, көлеңкелі жолға түсу ықтималдығы жоғары екенін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2218209-sauda-vitse-ministri-ui-zhanyndagy-dukender-ushin-qosylgan-qun-salygy-ospeidi/