Алматы мен Шанхай арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін
Жарияланған күні:

Шанхайда Алматы әкімі Ерболат Досаев пен China Eastern Airlines әуе компаниясының төрағасы Ван Чжицин кездесті. Келіссөз нәтижесінде Алматы мен Шанхай арасында тікелей әуе рейсін ашуға жәрдемдесу туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Алматы мен Шанхай арасындағы тікелей рейсті іске қосу мүмкіндігі талқыланды. Бұл рейс Алматыны Азияның жетекші іскерлік және туристік орталығының бірі – Шанхаймен байланыстырады. Қазір Қытайдың Ұлттық азаматтық авиация қызметімен қажетті келісімдер бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Кездесу аясында Ерболат Досаев Алматы мен Шанхай арасындағы бауырлас қалалар ретінде әріптестік қатынастың нығайып келе жатқанын айтты. 2024 жылдан бастап қалалар түрлі салада белсенді ынтымақтастық орнатқан. 2025 жылдың Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялануы қос тарап үшін жаңа бірлескен бастамалар мен туризмді дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Қытай Алматы үшін басым нарықтың бірі болып қала береді. 2024 жылы Алматыға Қытайдан шамамен 100 мың турист келді, ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш артады деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта Алматыдан Бейжің, Үрімжі, Сиань, Ханчжоу және Санья қалаларына тікелей әуе рейстері бар, айына 151 рейс орындалып жүр. Қытайлық Tongcheng Travel агенттігінің Алматыны "2025 жылдың болашағы зор жаңа бағыты" деп тануы да – өсіп келе жатқан туристік қызығушылықтың дәлелі.
Айта кетейік, China Eastern Airlines – штаб-пәтері Шанхайда орналасқан Қытайдың мемлекеттік әуе компаниясы. Ол Қытайдың үш ірі әуе тасымалдаушысының бірі және SkyTeam ғаламдық авиациялық альянсының мүшесі. Компанияның әуе паркінде шамамен 780 ұшақ бар ал бағыттар желісі 175 елдегі 1 150-ден астам бағытты қамтиды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2222120-almaty-men-shanhai-arasynda-tikelei-aue-reisi-ashyluy-mumkin/