Енді Алматы метрополитенінде жолақыны жаңа тәсілмен төлеуге болады
Жарияланған күні:

Алматы метрополитенінде жолақысын төлеудің баламалы тәсілі іске қосылды. Енді жолаушылар жол ақысын ONAY! қосымшасындағы QR арқылы төлей алады. Бұл туралы "Алматы көлік холдингі" ЖШС-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қалалық қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында Алматы метрополитенінде 16 сәуірден бастап пилоттық режимде жолақы төлеудің жаңа тәсілі енгізілмек.
"Бұл баламалы төлем тәсілі жолаушыларға интернет желісіне қосылмай-ақ QR-код арқылы жолақы төлеуге мүмкіндік береді. Аталған шешім жерасты инфрақұрылымының ерекшеліктерін ескере отырып әзірленіп, метрополитенді пайдалану ыңғайлылығын арттыруға бағытталған", - делінген хабарламада.
Жолақыны жаңа тәсілмен төлеу үшін:
- Телефоныңыздағы ONAY! қосымшасын ашыңыз.
- Негізгі беттің төменгі жағында QR түймені басыңыз.
- "QR кодты жасау" дегенді таңдаңыз – ол байланыс болмаған кезде де жасалады.
- QR кодты турникеттегі камераға көрсетіңіз.
- Жүйе балансты тексерген соң турникет ашылады.
Жалпы Алматы метрополитенінде жолақысын бірнеше тәсілмен төлеуге болады: жетонмен, банк картасының, метроның смарт-картасының, сондай-ақ ONAY! көлік картасының көмегімен.
"Барлық төлем әдісі әдеттегідей қолжетімді болады және QR-мен бірге жұмыс істейді. Сонымен қатар жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін барлық метро станциялары қосымша жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады", - дейді "Алматы көлік холдингі" ЖШС өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2235890-internet-qazhet-emes-almaty-metropoliteninde-zholaqyny-zhanga-tasilimen-toleuge-bolady/