Зектілері

Қазақстанда "жергілікті полиция қызметі" деген ұғым жойылады

Жарияланған күні:

Полицейлер
Полицейлер. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда "жергілікті полиция қызметі" деген ұғым жойылады, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Мәжіліс ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұл заң жобасы "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" 2022 жылғы 13 сәуірдегі президент жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленген.

Түзетулерге сәйкес "жергілікті полиция қызметі" ұғымы алып тасталады.

"Бұл 2016 жылы құрылған ЖПҚ өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдей алмағанымен байланысты. ЖПҚ құрамында учаскелік инспекторлар, патрульдік, ювеналды, табиғатты қорғау полициясы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері болған.

Алайда заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл қызмет өзіне жүктелген негізгі міндеттерді, яғни, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына, абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау, құрылыс қалдықтарын шығару сынды екінші кезектегі жұмыстармен айналыса бастаған", - делінген мәжіліс хабарламасында.

Ішкі істер министрлігі ЖПҚ мен Әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармаларын құруды ұсынып отыр. Әр қызмет өзінің тікелей міндеттерімен айналысады.

Сондай-ақ көлік полициясы бөлімшелерін ретке келтіру мақсатымен "желілік" деген терминді "көлікте" деп өзгерту ұсынылған. Сонымен қатар әскери-тергеу органдары ішкі істер органдарының аумақтық құрылымынан алып тасталады, себебі олар ІІМ құрамындағы дербес бөлімше ретінде бөлінген.

Бұдан бөлек, заң жобасында әкімшілік қамауға алынғандарды (әртүрлі құқықбұзушылықтар, сот актілерін, алиментті орындамау және т.б.) ұстауға арналған арнайы қабылдау орындарында орын жетіспеушілігіне байланысты, оларды уақытша ұстауға арналған қабылдау-бөлу орындарында (тұрақты мекенжайы жоқ адамдарға арналған) ұстау тәртібі де қарастырылған.

Жалпы, 16 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2236293-qazaqstanda-zhergilikti-politsiia-qyzmeti-ugymy-alyp-tastalady/