Шымкентте кәріз суына құлап көз жұмған оқушының оқиғасынан соң аудан әкімі қызметінен айырылды
Жарияланған күні:

Шымкентте кәріз суына құлап, қаза тапқан 6 жасар бала оқиғасынан кейін кейбір шенеунік қызметінен кетіп, кейбірі сөгіс алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқыс оқиға биыл 12 сәуірде Қаратау ауданындағы Тұран ықшам ауданында болған. №10 үй маңында беті жаңбыр суына толы кәрізге түсіп кетіп, көз жұмды. Ал бұл кәріз құдығының бір жыл бойына ашық жатқаны белгілі болды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің мәліметінше, мәселе қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қызметіне кіріспей тұрып болған. Осылайша бір жыл бойы беті ашық жатқан шұңқырды енді бір айда қалпына келтірмек.
"Үш жылдан бері Қаратау ауданын басқарып келген Рақымберді Мүлкемановты қызметтен босаттық. Басқарма басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Сондай-ақ осы салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары Қуаныш Асыловқа да сөгіс жарияланды", – дейді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Еске салсақ, Шымкентте 12 сәуірде бірінші сынып оқушысы көз жұмды. Бала Тұран-1 шағын ауданында су толған шұңқырға құлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2236413-shymkentte-kariz-suyna-qulap-koz-zhumgan-oqushynyng-oqigasynan-song-audan-akimi-qyzmetinen-aiyryldy/