Зектілері

Тағы бір облыста мемлекеттік қызметшілердің жұмысы жарты сағатқа ерте басталады

Жарияланған күні:

сағатты бұрап жатқан әйел
Сағат. Көрнекі фото: Zephyr18 / Getty Images

21 сәуірден бастап Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытының жаңа режиміне көшеді. Бұл туралы өңірлік әкімдікке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Облыс әкімінің өкіміне сәйкес 2025 жылғы 21 сәуірден бастап облыс әкімінің аппараты, облыстық басқармалар, сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімдігі жұмыс уақытының жаңа режиміне көшеді: 08:30-дан 17:30-ға дейін, түскі үзіліс 12:30-дан 13:30-ға дейін.

Бұл кесте мемлекеттік қызметшілердің пікірін ескере отырып бекітілген. Ішкі сауалнамаға қатысқан қызметкерлердің 70 пайыздан астамы жұмыс күнінің ертерек басталуы мен аяқталуының ыңғайлылығын ескере отырып, жұмыс режимінің өзгеруін қолдайтынын көрсетті", - делінген хабарламада.

Хабарламада өзгерістер мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және халыққа қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталғаны айтылған.

21 сәуірге дейін жұмыс уақыты сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 12:30-дан 14:00-ға дейін бекітілген.

Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы түгелдей жаңа жұмыс кестесіне көшкенін хабарлаған едік. Нақтырақ айтқанда енді 11 ауданда және Риддер қаласында жұмыс күні таңғы 08:00-де басталып, кешкі 17:30-да аяқталады.

Бұл бастама еңбек үдерістерін оңтайландыруға және аймақтың климаттық жағдайларын ескере отырып, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Алайда бұл өзгеріс мектептердің, балабақшалардың және медициналық мекемелердің жұмысына әсер еткен жоқ.

Сондай-ақ Астанада мемлекеттік қызметшілер мен басқа да ұйымдардың жұмыс кестесін өзгерту туралы мәселе қаралып жатқаны белгілі болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2236566-tagy-bir-oblystyng-akimdiginde-zhumys-zharty-sagatqa-erte-bastalady/