Павлодарда бір топ жеткіншек жеті жасар баланы ұрып-соқты деген күдікпен полиция бөліміне жеткізілді
Жарияланған күні:

Желіде жеті жастағы жеткіншекті бір топ бала ұрып-теуіп жатқан сәті түсірілген видео жарияланды. Бейнежазбаны соққыға жығылған баланың анасы жібергені айтылған. Оқиға Павлодарда болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Видеоны жеті жастағы баланың анасы жіберді. Бастапқыда оны үйдің кіреберісінде ұрып-соққан, кейін алаңда жалғастырған", - делінген Instagram желісіндегі semia_i_deti_pavlodar парақшасында жарияланған бейнежазба сипаттамасында.
Сондай-ақ анасының айтуынша, жас шамалары 8-12 жасар аралығындағы жасөспірімдер ауладағы балаларға тыныштық бермейтін көрінеді.
"Балағат сөз айтып, итеріп жібереді, кемсітіп, ұрып-соғады. Өзге балаларды жабылып ұрғанына талай куә болдық. Сотқар балалардың ата-аналары ешқандай шара қолданбай отыр", - деп жазған анасы.
Аталған жайтқа қатысты Павлодар облыстық ПД өкілдері түсінік берді.
"Оқиғаға қатысушылардың бәрі анықталды. Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерімен бірге полицияға жеткізілген. Балаларын тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары сотқа жіберілді, сот шешімі бойынша олар Павлодар қаласы әкімдігінің кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданады", - делінген полиция хабарламасында.
Балалар есепке қойылды.
Ескерту! Видеода бейәдеп сөз бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2238429-pavlodarda-bir-top-zhetkinshek-zheti-zhasar-balany-uryp-soqty-degen-kudikpen-politsiia-bolimine-zhetkizildi/