Зектілері

Қазақстанда қанша босқын бар: министрлік статистиканы жариялады

Жарияланған күні:

Жүгін сүйретіп бара жатқан жолаушы
Жолаушы. Көрнекі фото: Jason Alden/Bloomberg/Getty Images

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда қанша адамға босқын мәртебесі берілгенін жариялады. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда пана іздеген 265 адам мен 301 босқын өмір сүріп жатыр. Олардың дені Алматы қаласы мен Алматы облысында тұрады.

"Республика аумағында заңды түрде пана алған барлық шетелдік Қазақстанның босқындарға қатысты халықаралық қоғамдастық алдындағы міндеттемелеріне сәйкес мемлекет тарапынан қорғаумен және қолдаумен қамтамасыз етілген", - делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері Қазақстан 1998 жылғы 15 желтоқсанда БҰҰ-ның 1951 жылғы "Босқындар мәртебесі туралы" конвенциясына ресми түрде қосылып, өзіне белгілі бір міндеттемелер алғанын еске салды.

"Қазақстан аумағындағы пана іздеушілер мен босқындардың құқықтық жағдайына орай туындаған қоғамдық қатынастары босқындар құқығы саласындағы халықаралық заңнама қағидаттарына негізделіп қабылданған "Босқындар туралы" Заңмен реттеледі.

Бұл қағидаттар атап айтқанда: жер аударылмау, босқын мәртебесін берудің ашықтығы мен қолжетімділігі, кемсітпеушілік, ақпараттың құпиялылығы, отбасының бірлігі және босқындардың балаларының құқықтарын қорғау секілді мәселелерді қамтиды", - делінген хабарламада.

Қазақстанда пана іздеушілер мен босқындарға мынадай көмек көрсетіледі:

  • Пана іздеушілер мен босқындарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек және қолданыстағы заңнамаға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
  • Сонымен бірге босқындар мен пана іздеушілер еңбек бостандығы мен кәсіпкерлік қызметке де құқылы болады. Олардың елімізде болатын басқа шетелдіктерден айырмашылығы, оларға еңбек қызметін жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органның рұқсатын алу талап етілмейді.
  • Қазақстан заңнамасы барлық баланың, оның ішінде босқындар мен баспана іздеп жүрген адамдардың балаларының тегін негізде мектепке дейінгі, бастауыш, жалпы орта білім алуға, сондай-ақ конкурстық негізде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға құқығын қамтамасыз етеді.
  • Босқындар Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға және тұрақтап қалуға өтініш беруге құқылы. Құжаттарды тапсыру кезінде оларға шыққан елінде сотталмағандығы туралы анықтама ұсыну талап етілмейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2239233-qazaqstanda-qansha-bosqyn-bar-ministrlik-statistikany-zhariialady/