АҚШ елшілігі қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады
Жарияланған күні:

Қазақстандағы АҚШ елшілігі жақын арада иммиграциялық емес виза алу үшін сұхбатқа дайындалып жүрген азаматтарға қатысты маңызды ақпаратты жария етті, деп хабарлайды елшіліктің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Елшілік 2025 жылғы 2 мамырдан бастап, Астана және Алматы қалаларындағы консулдық бөлімдер виза сұхбатына жазылу рәсімін сұхбат күніне үш жұмыс күні қалғанда сағат 17:00-де жабатынын ескертті. Мәселен, егер сұхбат 2 мамырға белгіленсе, DS-160 өтінішіндегі барлық мәлімет 28 сәуір сағат 17:00-ге дейін толық толтырылып, жіберілуге тиіс.
"DS-160 өтініші бойынша растама хатыңыздағы штрих-код нөмірі (AA00 деп басталады) мен сұхбатқа жазылу жүйесіне енгізілген DS-160 штрих-код нөмірі бірдей болуы керек.
Сұхбатқа жазылу жүйесіндегі штрих-код нөмірінде қате жоқтығына көз жеткізіңіз. Жиі кездесетін қателердің бірі – "0" санының орнына "O" әрпін пайдалану. Дұрыс штрих-кодтар әрқашан AA00-ден басталады және мұндағы 0 сан ретінде жазылады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ DS-160 өтінішіңізде көрсеткен сұхбат орны (қала) мен сұхбаттан өту үшін таңдаған орын (қала) бірдей болуы керек.
"Мысалы, егер сіздің DS-160 формаңызда "Өтінішіңізді тапсыратын орын" деп Алматы көрсетілсе, бірақ сіз сұхбатқа Астанаға жазылған болсаңыз, сіз жаңа DS-160 өтінішін толтырып, сұхбатқа үш жұмыс күні қалғанға дейін штрих-код нөмірін жүйеде жаңартуыңыз қажет.
Егер сіз жазылып қойған сұхбатыңызға келмей қалған болсаңыз, сізді "келмеген (no show)" деп белгілейді және сіз DS-160 өтінішін жаңадан толтыруыңыз керек. Қайтадан толтырылған DS-160 өтінішінің штрих-код нөмірін сұхбат күніне кем дегенде үш жұмыс күн бұрын жазылу жүйесінде жаңартуыңыз қажет. Сіздің DS-160 өтінішіңіз толтырылып, жіберілген болуға тиіс", - деп қосты елшілікте.
Өтініш берушілердің көбі DS-160 өтінішін сұхбатқа бір күн қалғанға дейін толық аяқтамай, созып жүреді. Осы орайда елшілік DS-160 өтінішін толтыруды әлі аяқтамаған азаматтарды сұхбатқа кемінде үш жұмыс күні қалғанға дейін тез арада толтырып шығуға шақырды.
"Егер сіздің DS-160 өтінішіңіз осы талаптарға сай келмесе, сіз тіркеліп қойған сұхбат күні мен уақыты жойылады, сізді сұхбатқа "келмеді" деп белгілейді және сұхбатқа қайтадан жазылуыңыз керек болады.
Егер сіз визалық сұхбатқа үшінші тарап/виза агенті арқылы жазылсаңыз, сол үшінші тарапқа/виза агентіне сіздің DS-160 өтінішіңіз осы талаптарға сай болуы туралы хабарлау – сіздің жауапкершілігіңіз", - дейді елшілік өкілдері.
DS-160 өтінішін тексеру не жаңадан толтыру үшін мына сайтқа кіруіңіз қажет.
DS-160 өтінішінің штрих-код нөмірін жаңарту үшін мынадай қадамдарды орындаңыз:
- Мына сілтеме арқылы өз аккаунтыңызға кіріңіз.
- "Өтініш беруші деректері" парақшасында "баптау (gear)" белгісін басып, "өзгерту" опциясын таңдаңыз.
- "DS-160 нөмірі" өрісін толық және дұрыс штрих-код нөмірін теріп, жаңартыңыз.
- "Сақтау" деп басыңыз.
- Белгіленген күні мен уақытта сұхбатқа келіңіз.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі маңызды мәлімдеме жасаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2239575-aqsh-elshiligi-qazaqstandyqtar-ushin-mangyzdy-undeu-zhasady/