Зектілері

"100 шақты адам тергеді": Шерзат Болат ісі бойынша куәгердің жауабынан қарама-қайшылықтар анықталды

Жарияланған күні:

куәгер Нұрбекова
Куәгер Нұрбекова. Видеодан кадр: Жоғарғы соттың Youtube-тегі арнасы

Бүгін Шерзат Болатқа қатысты іс бойынша сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбековадан жауап алу жалғасты. Ол оқиға орнына айыпталушылармен бірге келген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Бүгін, 28 сәуірде сот отырысына жәбірленушілер сот төрағасының рұқсатымен қатысқан жоқ, олардың мүддесін адвокаттары қорғап жатыр.

Бүгін куәгер Эльмира Нұрбековадан одан әрі жауап алу жалғасты. Сотта әйелден 4 қазандағы оқиға нақты қай жерде болғанын картадан көрсету сұралды.

Мемлекеттік айыптаушылар мен адвокаттар куәгердің тергеу барысында және сотта берген жауабында қарама-қайшылық бар екенін атап көрсетті.

"Сол сәтте, яғни, бізді ұстаған кезде біз екі күн ұйқтаған жоқпыз, тіпті ас ішуге уақытымыз болмады. Біз аудандық полиция басқармасында болдық, бізден 100 шақты адам жауап алды. Шындығына келгенде, олардың не туралы жауап алғаны нақты есімде жоқ, өйткені мен оларға орыс тілінде айттым, олардың қалай аударғаны.... және ол жерде менің мұршам да болмады. Бастысы, үйге қайтуды ойладым", - деді сот отырысында Эльмира Нұрбекова.

Сотта Шерзат Болаттың өлімінен кейінгі тергеушінің әйелден жауап алған сәтінен кадрлар көрсетілді. Куәгер – көп балалы ана, төрт баласы бар, ажырасқан.

"Үшінші қазанда бізді ұстады, төрті, бесі, осы екі күн біз аудандық полиция басқармасында болдық. Бізді ұстаған кезде мен адам өлімі болғанын білген жоқпын", - деді куәгер.

Сондай-ақ сотта жедел жәрдем шақыруға қатысты сұрақ қойылды. Куәгер ол кезде қолында телефон болмағанын алға тартты. Ал дүкенге шылым сатып алуға кіргенде қалтасында 2000 теңге қолма-қол ақша болғанын, сонымен есептеспек болғанын айтты.

Ал "көмек сұраған әйелді көрдіңіз бе" деген сұраққа куәгер тек дауысын естігенін мәлім етті.

"Бізді екі күн аудандық полиция басқармасында ұстады, біз шаршадық, ас-су ішпедік. Әр кабинетке тасыды. Біресе біреуі алып кетіп, жауап алды, біресе екіншісі жауап алды. Сол сәтте мен шын айтамын, не туралы, қалай жазғаны есімде жоқ. маған бастысы үйіме оралу болды", - деді Эльмира Нұрбекова.

Сонымен қатар сот отырысында тергеу экспериментінен бейнежазба назарға ұсынылды. Эльмира Нұрбекова оқиға орнында, "Қамажай" дүкенінің жанында не болғанын көрсетті.

Куәгердің айтуынша, сотталушы Абзал Шынасылды (Шерзат Болаттың өліміне күдікті) жұдырығымен соққы жасағанын көргенін, ал оның қолында пышақ болған-болмағанын көрмеген.

"Олардың бірі, толықтау келгені, пышақ ұстады ма жоқ па әлде басқа бірдеңе ме, анық көрмедім.... ол жұдырығымен оны жоғарыдан төмен қарай сермеп ұрып жатты", - деді Нұрбекова оқиға орнында болған кезінде.

"Мен оның қолында бірдеңе болған-болмағанын көрген жоқпын", - деп жауап берді куәгер прокурор нақтылау үшін қойған сұраққа.

Сонымен бірге одан қорыта келе қай жауабын қолдайтыны сұралды. Эльмира Нұрбекова сотта айтқан жауабын қолдайтынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2240094-100-shaqty-adam-tergedi-sherzat-bolat-isi-boiynsha-kuagerding-zhauabynan-qarama-qaishylyqtar-anyqtaldy/