Зектілері

"102-ге хабарласуға қорықтым": Шерзат Болат ісі бойынша екінші куәгер сотта жауап берді

Жарияланған күні:

Дана Жақсыкелді
Куәгер Дана Жақсыкелді. Видеодан кадр: Жоғарғы соттың Youtube-тегі арнасы

Бүгінгі сот отырысында Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша екінші куәгер Дана Жақсыкелдіден жауап алынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мемлекеттік айыптаушы куәгерден 2024 жылғы қазанның 3-нен 4-не қараған түні қандай жағдай болғанын сұрады.

Дана Жақсыкелді оқиға болған күні ол жерге қалай келгенін, дүкен алдында не көргенін айтты.

Сонымен қатар куәгер сотталушылардың ішінен Ілиясов Нұрқиясты, Сакиев Равильді, Шынасыл Абзалды, Тоқтаубаев Азамат пен Нұрболды танитынын мәлім етті.

"Бізді "Эйфория" кафесіне Равиль шақырды, құрбым Эльмира екеуміз жолығып, сол жаққа бардық. Ол жақта кафенің алдында Абзал, Нұрқияс, Равиль үшеуі тұрды. Содан біз амандасып кафеге кірдік. Үстелде отырдық. Одан кейін біз би алаңына шықтық, үстелде ұлдар өздері қалды. Арасында Нұрбол деген бала келді. Одан кейін кетіп қалды. 12-ге таман кафе жабылады деп, ол жерден шықтық. Қайтамыз дегенбіз. Сосын Нұрқияс "қыздар сендерді апарып тастайық" деді.

Mercedes көлігіне отырдық, көлікте Нұрқияс, мен, Равиль, Эльмира, жүргізуші Шыңғыс болды. Алдында Азамат отырды. Үйге қайтамыз дегенде олар "жолдан дүкенге кіре салайық" деді. Бізде де темекі бітіп қалған болатын, сонымен сол "Қамажай" дүкеніне бардық. Сол жаққа тоқтадық. Дүкеннің алдында бір топ ұлдар тұр екен. Нұрқияс "қазір сөйлесіп қайтайық" деп көліктен түсті. Біз олардан кейін 1-2 минуттан соң дүкенге темекі алуға кірдік. Бірінші Эльмира, артынан мен кірдім. Темекі сұрадық, бірақ бізге сатпаймыз деді. Сонымен мен бірінші шығып кеттім, артымнан Эльмира шықты.

Біз шыққанда ерегес басталып кетті. Мен машинаның артына қарай кеттім. Равиль қасымда тұрды ғой деймін. Кейін атыс басталды. Сол кезде бізге қарай сақалды бойы ұзын жігіт оқ атты. Мылтықпен. Бірінші аспанға атты, одан кейін екі рет бізге қарай атты.

Одан кейін төбелес көшенің арғы бетінде жалғасты. Сол жаққа кетіп қалды", - деді куәгер.

Сот отырысында прокурор куәгерден дүкен алдында болған оқиғаға қатысты нақты сұрақтарға жауап алды.

"Төбелес болды ма ерегес пе", - деп нақтылап сұрады прокурор куәгер Дана Жақсыкелдіден.

"Біреу құлап жатты ма... сондай болды, мен қолымды сілтеп, жүріңдер қайтамыз дедім, төбелесті кім бастағанын көрмедім. Бізге мылтықпен атылғаннан кейін төбелес дүкеннің артындағы көшеде болды. Мен ол кезде көлікте отырдым. Көліктің ішінде бес минуттай отырдым. Бес минуттан кейін шығып, екі-үш метр жүріп ұлдарға қайтайық деп айғайладым. Ол кезде ешкім естіген жоқ. Мен қайтадан көлікке келіп отырдым. Сол жерде күттім", - деді куәгер.

Сондай-ақ Дана Жақсыкелді жанжал аяқталғаннан кейін оқиға қалай өрбігенін айтты. Куәгердің сөзінше, ол жанжалдан кейін жолда кетіп бара жатқанда көліктің ішінде достарының қолынан мылтық пен пышақтың жүзін көрген.

"Бірге отырдық, қайтайық деп. Жолда "777" дүкеніне бардық. Дүкенге кіретіндер кіріп, сусын алып шықты. Темекі алды. Бірден байқаған жоқпын, көліктің алдыңғы орындығында мылтық тұрғанын көрдім. "777" дүкенінен Эльмира Dizzy сусынын алып шыққан еді. Оны ішті ме, ішпеді ме білмеймін. Бірақ ол капотқа қойды. Абзал менен капотта тұрған сусынды бере салшы деді. Ол еңкейіп тұрған, қолын сүртіп тұрды ма, нақты айта алмаймын. Құйып жатқан кезде пышақтың жүзін байқадым", - деді куәгер.

Алайда Дана Жақсыкелді пышақтың қандай болғанын білмейтінін, оны не үшін жуғанынан да бейхабар екенін айтты.

Кейін куәгердің сөзінше, бәрі Рысқұлов ауылына қарай жүрген, жолда бір жерге тоқтап, әлгі мылтық пен пышақты көліктен Шыңғыс алып шыққан.

"Себебі сол жаққа қарай тартылыңдар деп бір-бірімен сөйлесіп жатқан. Сол кезде Нұрқиясқа біреу қоңырау шалды ма... сондай болды. Сол кезде жолдан бір жерге тоқтап, Шыңғыс деген бала мылтықты, жаңағы пышақты алып түсті. Қайтып келгенде қолдарында ештеңе болған жоқ", - деді ол.

Одан бөлек прокурорлар куәгерден ерегес басталып жатқан кезде неге алдын алу шараларын қабылдамағанын сұрады.

"Мен ол кезде төбелес болып кетеді деп ойлаған жоқпын. Бір жағынан, телефоным қолымда болды, бірақ өшейін деп тұрды ма... білмедім. Бірақ өз өмірім үшін де қорықтым. Сол себепті де, екінші жағынан мылтықтың дауысын естігеннен кейін қорқып, не істерімді білмей қалдым", - деп жауап берді Дана Жақсыкелді.

Куәгерден Шынасылдың қолына пышақ жуып жатқанда Dizzy сусынын құйып бергенде неге оқиға туралы 102-ге хабарламағаны да сұралды.

"Мен ондай жағдай өмірімде бірінші рет болып тұрғаннан кейін, біреуінде мылтық, біреуінде пышақ тұрғандықтан 102-ге хабарласуға қорықтым. Мен артық қозғалсам маған бірнәрсе істеп тастай ма деген қауіп болды. Өйткені мен оларды көптен танымаймын, көп араласқан жоқпыз. Жақсы таныс емеспіз, бірақ сол кезде кафеге шақырған соң бардық", - деді куәгер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2240154-102-ge-habarlasuga-qoryqtym-sherzat-bolat-isi-boiynsha-ekinshi-kuager-sotta-zhauap-berdi/