Зектілері

Павлодар облысындағы шұңқырға құлаған автобус: оқиғаға кінәлі тұлғалар 8 жылға сотталуы мүмкін

Жарияланған күні:

"Майқайың-алтын" шахтасы
Оқиға орны. Фото: instagram.com/pavlodar_tjd

Бүгін Баянауыл аудандық сотында Майқайың алтын кенішінде 4 құтқарушының өліміне себепкер болған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық істі қарау басталды. Аталған оқиға бойынша сотта 6 адамға айып тағылып отыр, деп хабарлайды kazinform.kz.

Сотта "Майқайыңалтын" АҚ-ның бұрынғы бас директоры мен оның бірінші орынбасарына, Майқайың жерасты кенішінің директоры мен оның орынбасарына, кәсіпорынның бас инженері мен бас маркшейдерінің міндетін атқарушыға қатысты айып тағылды.

Тергеу қорытындысына сүйенсек, кәсіпорында 2011 жылы әзірленген жоба бойынша кен алынған жерасты кеңістіктеріне бетон құю қарастырылған. 2013 жылы технология процесінің күрделі болуына байланысты өзгерістер енгізуге шешім қабылданып, бетон құюды кеңістіктерді құлату әдісіне ауыстырған. Айыптаушының пікірінше, аталған жобалардың талаптарын сақтамау салдарынан аталған қайғылы жағдайға әкеп соқтырған.

"АҚ басшылығы ережелерді бұзып, жерасты тау-кен жұмыстарын 2011 және 2013 жылдардағы жобалардан ауытқи отырып орындаған. Кен алынған бос кеңістіктерді бақылау, сондай-ақ өндірілген тазарту кеңістігінің бос жерлерін мәжбүрлеп құлату жүргізілмеген. Кәсіпорын қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайы қамтылмаған, соның ішінде кеңістіктердің үстіңгі жағында орналасқан, құлауы ықтимал аймақтарды қоршау бойынша шаралар қабылданбаған және геомеханикалық (геотехникалық) қызмет ұйымдастырылмаған", — делінген айыптау актінде.

Соттағы қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы, 3-тармағы — "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет" бабы бойынша қарастырылып отыр. Аталған бап бойынша сот кінәлі тұлғаны үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыра алады.

Бүгін сот отырысында ең әуелі жәбірленушілерден, куәгерлерден, сарапшылардан және соңынан сотталушылардан жауап алуға шешім қабылданды.

Бұған дейін Баянауыл аудандық соты Павлодар облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бұрынғы қос қызметкеріне жаза тағайындағаны туралы жазғанбыз.  Олардың бірі департаменттің мемлекеттік қадағалау бөлімінің басшысы, екіншісі бөлімнің бас маманы болып қызмет еткен. Лауазым иелері 2016 жылы "Майқайыңалтын" кәсіпорнының жерасты шахтасын тексеру барысында жіберілген салғырттық үшін жауапты деп танылған.

Еске салсақ, 2024 жылғы қаңтарда Павлодар облысындағы "Майқайыңалтын" АҚ аумағында автобу шұңқырға құлап кетті. Оның ішнде "КӘАҚҚ РОШ" ЖШС үш құтқарушысы мен бір жүргізушісі болған.

Қаңтар айында шұңқырдан екі құтқарушының денесі жер бетіне шығарылды. Сондай-ақ үшінші құтқарушы мен автобус жүргізушісін іздеу жалғасып, кейін тоқтатылды.

19 шілдеде 70 метр тереңдіктен құтқарушының денесі табылды.

Ал 25 шілдеде шұңқыр аумағынан құлаған автобус табылған. Әкімдік өкілдері көлік құралының алдыңғы бөлігіне бару мүмкін болғанын, бампері мен дөңгелегі көрінгенін хабарлады. Сол күні жоғалған төртінші адамның денесі 75 метр тереңдіктен табылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2240229-pavlodar-oblysyndagy-shungqyrga-qulagan-avtobus-oqigaga-kinali-tulgalar-8-zhylga-sottaluy-mumkin/