Зектілері

"Жігітше шешейік дедім": прокурор Шерзат Болаттың марқұм ағасының айғағын оқып берді

Жарияланған күні:

прокурор
Прокурор Нұрқанат Ғайыпбаевтың айғағын жариялады. Видеодан кадр: Жоғарғы соттың Youtube-тегі арнасы

Бүгін, 29 сәуірде Шерзат Болат ісі бойынша сот отырысында жәбірленуші – Шерзат Болаттың марқұм ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың айғақтары жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мемлекеттік айыптаушы жәбірленуші марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың айғағын оқып берді.

Айғақта марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев 3 қазанда күндіз күні бойы Шерзатпен бірге болғанын айтқан.

"3 қазанда 15:00-де ірі қара мал сойып, етін реттеп, оны Талғар қаласы Менделеев көшесі 13 мекенжайдағы "Қамажай" дүкенінің қасындағы ет сататын дүкенге алып келдім. Яғни мұздатқышқа салдым. Сол кезде сағат 19:00-19:30 шамасы болатын. Сол уақытта маған әкем Нұрымов Полат хабарласып, үйге қауын алып келші деді. Біз Шерзат екеуміз дүкеннің ішін реттестіріп болдық. Сағат 20:00 шамасы болатын. Шерзат күндізден бастап менің қасымда мал сойысып, көмектесіп жүрді. Содан кейін Шерзатқа үйге қайтайық дедім. "Нұрқанат аға, сіз үйге қайта беріңіз, мен дүкенді реттеп, тазалап болып, артыңыздан барамын" деді.

Мен үйге жалғыз қайттым. Өзімнің Honda Odissey автокөлігіммен қайтып, жолда қауын алдым. Кешкі сағат 21:30 шамасында шай-тамағымды ішіп жатып қалдым. Ұйықтап жатқан кезде, түнгі сағат 23:00-23:30 жеңгем Гүлбара келіп, мені оятып: "Нұрқанат, Қаржаубай қоңырау шалып жатыр" деп айтты және маған телефонды берді. Мен жеңгемнің телефонымен Қаржаубаймен сөйлестім. Ол "жедел дүкенге келші" деді. Мен ұйқылы-ояу Шерзатқа хабарластым. Себебі, Қаржаубай Шерзат біреумен төбелесіп қалды деп айтқан.

Шерзатпен сөйлесіп, "не болды" деп сұрадым. Ол маған: "Нұрқанат аға, мен біреумен ерегесіп қалдым, ұрып жібердім. Тез келіңізші" деді. Мен әкемнің Ravon маркалы автокөлігімен "Қамажай" дүкеніне жалғыз бардым. Дүкеннің алдына келген кезде бір жігіт жүрді.Ол Дархан деген жігіт екен. Ол Шерзатпен ерегесіп тұрды. Шерзаттың айтуы бойынша, дүкенге телефон қуаттағыш алуға келген Дархан деген жігіт әкесіне дөрекі сөйлеген екен. Шерзат көріп тұрыпты. Ақырын телефон қуаттағышын алып шыққан. Содан кейін Дархан да дүкеннен шыққан. Шерзат оның қасына келіп, "Аға, кетпейсіз бе, әкеме неге дөрекі сөйлеп жатырсыз" деп жай сұраған. Сол кезде Дархан дөрекі жауап берген, шешесіне тіл тигізіп, балағаттаған. Сол үшін Шерзат шыдамай ұрып жіберген екен.

Әрі қарай мен жағдайды түсіндім, одан кейін Дарханға жақындап: "Не болды бауырым, қалай шешейік, жігітше шешейік" дедім. Ол маған "анадай қыламын, мынадай қыламын" деп сөзге келмеді. Мен оған ертең сау күйде сөйлесейік дедім.

Ол сөзге келмей, телефонын алып, Нұрболға қоңырау шалды. Нұрболды бұрын бір ауыл болғандықтан көшеде орталықта көргенмін. Шамамен екі-үш минутта Нұрбол деген жігіт Golf маркалы автокөлікпен келді. Олар екеу болып келді. Автокөлікті басқа бір бала басқарып отырды. Атын білмеймін. Ол автокөліктен түсіп, мен "Хуторскиймін, мені танисың ба" деген сияқты әңгіме айтты. Мен оған 1994 жылғымын, Нұрқанат деген менмін, осы Азат ауылында тұрамын дедім. Сосын Нұрболға "адам сияқты сөйлесеміз, ішіп алған әңгіме" дедім. Мен Нұрболға: "Не керек, ақша десең ақша берейік, не болса да ертең шешейік, күндіз, ертең осы жерде боламын" дедім.

Сол кезде Нұрбол не жағдай болғанын сұрай бастады. Мен оған Шерзат Дарханды ұрып жібергенін түсіндірдім. Бірақ мені Нұрбол балағаттай бастады. Яғни, сенікі дұрыс емес деді. Мен оған сабырға келейік деп түсіндірдім. Дүкеннен Қаржаубай шықты. Ол Нұрболға чек көрсетті. Төлемнің түспегені туралы. Негізі Дархан Қаржаубайға өтірік чек көрсеткен екен. Содан дөрекі әңгіме болған екен. Нұрбол менімен ерегесіп, агрессиямен сөйлесті. Барынша сабырлық сақтап тұрдым. Сол жерде Нұрбол мен өзім төйлемін деп дүкенге кіріп, Kaspi қосымшасымен өзі төлем жасады. Содан кейін мен Нұрболға ертең кел, ертең сөйлесеміз дедім. Сол жерде Нұрбол жарайды деп, қол алысып, кетті, яғни, Дархан, жүргізуші үшеуі автокөлікке отырып кетті.

Мен, Қаржаубай, Шерзат үшеуміз дүкенге кірдік. Қаржаубай кассаны есептеп жатқан кезде, мен өзімнің астымдағы әкемнің Ravon автокөлігінің кілтін Шерзатқа беріп, үйге қайт дедім. Шерзат сол уақытта сыртқа шықты. Осы кезде жаңағы Golf-пен Дархан, жүргізуші, Нұрбол қайта келді. Олар келген соң қайтадан жанжал шықты. Нұрбол мен Қаржаубай екеуі дүкенге кіріп кетті. Шерзат сыртта тұрды. Осы кезде Дарханмен сөйлестім. Ал жүргізуші жігіт менің қасыма келді. Ол маған: "Не болып қалды?", - деді.

Мен Дарханға: "Ақша десең ақша берейік, ұрам десең мені ұр. Бауырымда не бар? Ол 16 жаста, кішкентай ғой, ақымақтық жасап қойыпты", - дедім. Ал Дархан "Ол менің бетімді жыртып тастады" деп, сол бойы әңгіме айтып тұрды. Сол жерде мен ортадағы жүргізуші жігітке түсіндіріп айттым, оған "Мыналарды ал да, қайт" дедім. Ол жай тыңдап тұрды.

Осы уақытта дүкеннің ішінен Қаржаубай мен Нұрбол екеуі жанжалдасып, ерегесіп шықты. Мен не болып қалды екен деп қарап тұрып қалдым. Сол уақытта Қаржаубай мен Нұрболды Шерзат арашалап тұрды. Сол кезде Қаржаубай "Мынаның қолында пышақ бар" деп айтты. Мен қайсысының қолында пышақ бар екенін түсінбей тұрдым. Сөйтсем, Қаржаубайдың айтуы бойынша дүкеннің ішінде оған пышақ көрсеткен екен. Мен Нұрболды шақырып, "шешейік, шешілетін жағдай ғой, ақша десең ақша берейік, дастарқан жасап берейік, бауырым үшін жеке кешірім сұраймын" деп, одан кешірім сұрадым.

Солай сөйлесіп тұрғанда Нұрбол балаларына қоңырау шалды. Нұрбол "Чика" дегенге, содан кейін Нұрқиясқа телефон соқты. Тоқтамай қоңырау шала берді. Мен сол кезде осы жерде төбелес болатынын түсіндім. Сол себепті Шерзатқа "Қайт, үйге қайт" дедім. Шерзат әкемнің Ravon көлігін алып үйге қайтып кетті. Ол автокөлікке отырып, кетіп қалғанын өзім көрдім. Ол ызаланып, менің айтқанымды тыңдап, үйге қайтып кеттті. Мен дүкеннің алдында қалдым.

Содан кейін Нұрболмен қайтадан сөйлестім. Оған "мынаны ушықтырмай-ақ қояйық, бәрін істеп беремін" дедім. Сол кезде "Бауырым, кешірім сұрап тұрсың ғой" деп сол жерде тоқтады.

Сөйлесіп тұрған кезде Huyndai Accent маркалы қызғылт түсті автокөлік келіп тоқтады. Соның артынан Mercedes автокөлігі келіп тоқтады. Сол автокөліктен басқа жігіттер түсе бастады. Huyndai Accent-тен 4 не 3 бала түсті. Mercedes-тен Абзал, Нұрқияс, Шыңғыс тағы бір бала және екі қыз шықты. Маған бірінші болып, Нұрқияс келді. Барлығы амандасты. Одан кейін мен дүкеннің алдына қарай жылжыдым. Сол кезде Huyndai Accent-тен түскен "Чика" деген жігіт келіп амандасты. Мен оған "Сенің түрің таныс қой" дедім. Менің бетіме қарап: "Мен шалмын ғой" деді. Мен оған "Әрі кетсе 30-да шығарсың" дедім. Ол дүкенге қарай кетті. Және есігін ашып жатып, артындағы жігіттерге: "Делайте" деп айтты. Өзі ішке қарай кіріп кетті.

Сол уақытта барлығы маған қарай келе жатты. Жаныма қарасам, дүкеннің бұрышында Нұрқияс Ахмет деген баланы ұрды. Бала есеңгіреп, бетонға басы тиіп, гүрс етіп құлады. Талып қалды. Абзал оның жағасынан ұстап көтеріп тұр екен. Мен бірден ортаға түсіп, Абзалдың қолынан Ахметті жұлып алып, оған "бала ғой, не үшін ұрып жатырсың" дедім "және Ахметке "қаш" деп, оны жібердім. Ол дүкеннің арғы жағындағы жолға қарай қашып шығып кетті.

Бір кезде ана жігіттер маған қарай атыла бастады. Нұрқияс мені қолымен ұрды. Мен оның соққысын өткізіп, оған жауап бердім, яғни өзін ұрып жібердім. Соққым Нұрқиястың көкірегіне тиді. Іштен ағам Қаржаубай шыға алмай тұрды. Есікт ұстап, бір қыз жібермей тұрған екен. Аяғымен тіреп тұрған екен. Бір қыз машина жақта болды. Мercedes-тің қасында. Сол кезде пышақ шыға бастады. Яғни Mercedes маркалы автокөліктен келген қыздың біреуі автокөліктен пышақтар алып беріп тұрды.

Бірінші Нұрқиястың қолына келді. Мен оларға "Бір-бірімізге неғылмай дұрыстап шешейік, болды жігіттер, қойыңдаршы" дедім. Себебі пышақ көрген соң қорықтым. Нұрқияс маған екі мәрте пышақ сермеді. Өткізіп жібердім. Бір рет жағынан ұрдым. Нұрқияс алдыма құлады. Сол кезде артында тұрған Абзал маған атылып келе жатқан. Осы уақытта Шерзат, қайдан келгенін білмеймін, Абзалды ұрды. Абзал әрі қарай шегінді. Мен дүкеннің бұрышында тұрғанмын. Сол сәтте маған қалған жігіттер, яғни, он шақты бала жүгірді. Мен артқа қарай шегіндім, сол кезде Шерзат мені құшақтап, тартып: "Қашайықшы, Нұрболат аға" деп айтты. Мен Шерзатқа "Қаша бер ақырындап, мен амалдаймын, сол жерде" деп, мені құшақтап тұрған Шерзаттың қолын аштым. Сол кезде төбелес басталды.

Мен барынша олармен алыстым. Алысып жатқан кезде, 10-15 метр жерде жүгіріп бара жатып, Шерзат айғайлады: "Нұрқанат аға, мыналар маған бірдеңе тығып алды" деп үш рет айғайлады. Мен сол жігіттерден қашып барып, Шерзатты құшақтадым. Кофтасын көтеріп қарадым. Сол жақ арқа тұсынан пышақ кіргенін көрдім. Плевматорекс болмас үшін жарақатты алақанмен жаптым. Сол жерде айғайлап: "Жігіттер, тоқтаңдаршы, жедел жәрдем шақырыңдаршы" дедім. Сол кезде бізге қарай 8 адам келе жатты. Кім болғанын айта алмаймын, қараңғы болды.

Шерзатты құшақтап, қолыма тартып, барынша қорғаймын деген оймен Шерзатты жаптым. Сол уақытта келген жігіттер бірінші ұрды, тепті, екеуміздің ортамызды аша алмай жатты. Сол сәтте Абзал оң жақ жамбасыма пышақ тықты. Барынша шыдадым. Екінші рет Нұрқияс оң жақ жамбасыма пышақ тықты. Сол сәтте Абзал пышағын шығарып, үшінші рет жамбасыма пышақ сұқты. Осы кезде біреу басымнан аяғымен тепті. Оң жақ құлақтың артынан қатты темір сияқты бірдеңемен ұрды. Мен сол соққыдан есеңгіреп, Шерзатты жібердім.

Қараған кезде жеңгем Гүлбара келіп Шерзатты қоршады. Әрі қарай есімде жоқ. Есімді жинаған кезде ауруханада болдым", - делінген марқұмның тергеу кезінде берген жауабында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2240373-zhigitshe-shesheiik-dedim-prokuror-sherzat-bolattyng-marqum-agasynyng-aigagyn-oqyp-berdi/