"500-ден астам адам заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған": Шымкентте 12 адам ұсталды
Жарияланған күні:

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізуші куәліктерін жүйелі түрде заңсыз берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Бұл туралы ҚМА-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайлды.
"Тергеу барысында 2023-2024 жылдар аралығында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы Ж.Р. Мурашимовпен бірге бірқатар лауазымды тұлға жүргізуші куәліктерін алу рәсімін теориялық және практикалық емтихандардан өтпей заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
Аталған "қызмет" үшін азаматтардан 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша алынған.
Нәтижесінде 500-ден астам адам заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған", - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Қазіргі таңда тергеу аясында 200 млн теңгеден астам сомаға бағаланған күдіктілердің мүлкіне: 2 жеке үй, 2 пәтер, 2 жер телімі және 10 автокөлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынған.
Соттың санкциясымен 12 күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
ҚМА өкілдері қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын, Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын жеткізді.
"Айта кету керек, жүргізуші куәліктерін белгіленген тәртіпті айналып өтіп алу – қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді.
Бұл Шымкент қаласында соңғы жылдары жиілеген жол-көлік оқиғаларынан да байқалады. 2022 жылы мұндай оқиғалар саны 398 болса, 2024 жылы 878-ге дейін жеткен", - делінген ҚМА хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2241234-500-den-astam-adam-zangsyz-zholmen-zhurgizushi-kualigin-algan-shymkentte-12-adam-ustaldy/