Зектілері

"Ең алысы Түркия болды": автоүймен ел аралап, саяхаттайтын қазақ отбасы туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Дәулет пен Карина Мұрсал
Дәулет пен Карина Мұрсал. Фото: instagram.com/erkin.qazaq

Автоүймен саяхаттайтын көкшетаулық ерлі-зайыпты Дәулет пен Карина Мұрсал автоүймен 5 елді аралаған. Jibek Joly арнасындағы "Бүгін.Live" бағдарламасына қонақ болған олар өздері жайлы кеңінен тарқатып айтып берген, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

`2020 жылы отау құрдық. 2019 жылы мен өзім жалғыз Өзбекстан мен Қырғызстанға автостоппен барып қыдырдым. Кейін үйленгесін автоүймен саяхаттауды бастадық. Біз барлық елді өзіміз турсыз араладық. Қазақстанды санамағанда 5 елді араладық. Ең алысы Түркия болды. Биыл балалы болдық. Қазір оған екі ай. Баламен саяхаттауға да дайынбыз. 1986 жылғы көлікпен саяхаттаймыз, оны "желмая" деп атаймыз. Бір рет жолда бір жарым тәулік қалып қалған кезіміз де болды. Негізі мен хирургпын, ал жұбайым медбике", - деді Дәулет Мұрсал.

Енді қай елдерге сапарлау жоспарда бар деген сұраққа саяхатшы былай жауап берді:

-Алдымен виза талап етпейтін елдер – Армения, Моңғолия, Тәжікстанға баруға болады. Сосын Әзербайжанға да бару ойда бар, бірақ онда көлікпен өте алмаймыз. Еуротур да жасағымыз келеді, - деді саяхатшы.

Саяхаттау туралы шешімді ата-аналарыңыз құптады ма деген сұраққа Дәулет Мұрсал былай жауап берді:

"Иә деп айтуға болады. Біздің ата-анамыз – заманауи, өте ашық. Және біз барлық мәселені олармен бірге талдаймыз. Саяхаттауды да ата-анамызға насихаттап, олар да қазір ақырын-ақырын шығып жатыр. Сәуірде әкем екеуміз автоүймен Қырғызстанға барып келдік. Ата-анамыз қызыға бастады және ара-тұра өздері де шығып тұрады".

Айта кетейік, автоүймен саяхаттайтын ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде "Еркін қазақ" атты саяхат жайлы қазақша блогымен танымал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2241597-eng-alysy-turkiia-boldy-avtouimen-el-aralap-saiahattaityn-qazaq-otbasy-turaly-ne-bilesiz/