jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

"Дүкен де, дәріхана да жоқ": БҚО-дағы ауылда тұрғындар туған жерден көшуге мәжбүр

Ауыл тұрғындары
Ауыл тұрғындары. Кадр: almaty.tv

БҚО-да елдімекеннің тұрғындары туған жерін тастауға мәжбүр. Себебі Петрово ауылы мұнай мен газ өндірілетін кен орнына жақын орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ольга Агафонованың Петровода тұрып жатқанына 54 жылдың жүзі болған. Айтуынша, елдімекен кезінде жасыл бағы жайқалған, тіпті мектебі мен дүкені бар, өркендеген ірі ауылдардың бірі саналыпты. Алайда қазір оның ешқайсының ізі де қалмаған. 2011 жылдан бастап, мұндағы нысандардың барлығы жұмысын тоқтатыпты. Оған елдімекеннің мұнай-газ кен орнына жақын орналасуы себеп болған.

"Ауылдағы тұрғындардың да саны азайып қалды. Бізде дүкен де, дәріхана да жоқ. Дәрігер табу қиын. Бала-шағасы бар көршілерімізге рахмет. Олардың ұл-қыздары азық-түлік әкеп тұрады. Ал кейде такси жалдап, керек-жарақты түгендеуге тура келеді", – деді ауыл тұрғыны Ольга Агафонова.

Жергілікті билік болса, Петрово ауылы кен орнының санитарлық аймағында орналаспағанын айтады. Мекеннен ауа сынамасы да алынып, ешбір талаптың бұзылмағаны анықталыпты. Дегенмен көпшілік осы жағдайды біле тұра, өздерін басқа жаққа көшіруді сұрапты.

"Петрово ауылындағы 15 үйдің тұрғынын көшіру бойынша өтініш қаралды. Бүгінде бюджеттік өтінім берілген, дегенмен қаражат әлі бөлінбеді. Азаматтарды Январцево елдімекеніне көшіру жоспарланған", – деді Бәйтерек ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Аслан Даубаев.

Ал жұртшылық бұл ұсынысқа келіспей отыр. Олар қалаға жақын жерде тұрғысы келеді.

"Олар бізді көшіргісі келеді. Бірақ әлі ешкім жиналыс өткізбеді. Қайда барғымыз келетінін, нені қалайтынымызды сұрамады. Біздің де өз ой-пікіріміз бар. Бұлай жасауға болмайды ғой", – деді ауыл тұрғыны Ольга Агафонова

Жауаптылар жобаға қаражатты облыс бюджетінен қарастыруды көздеп отыр. Ал тұрғындар екі арада ортақ келісім жасалмаса, іс қағаз жүзінде ғана қала беретініне сенімді. Әзірге ауыл азаматтары өмір сүруге қолайсыз аймақта ертеңіне алаңдаумен ғұмыр кешуге мәжбүр.

Рүстем Айткәрім, Рустам Аметов, Бекзат Габдушев, БҚО

"Дүкен де, дәріхана да жоқ": БҚО-дағы ауылда тұрғындар туған жерден көшуге мәжбүр

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.