Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс: Қазақстан СІМ мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:

Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайдың ушығуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты терең алаңдаушылық білдіреді. Барлық мүдделі тараптарды одан әрі шиеленіске жол бермеу үшін барынша ұстамдылық көрсетуге шақырамыз.
Қазақстан халықаралық және өңірлік қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысының қағидаттарына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайды", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 7 мамырға қараған түні Үндістан "Синдур" әскери операциясын өткізіп, Пәкістандағы нысандарға соққы жасады.
Үндістан Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, олар "Пәкістан басып алған Джамму мен Кашмирдегі және Пәкістандағы террорлық инфрақұрылымдарға" соққы жасаған. Дәл осы жерлерден Үндістанға қарсы лаңкестік шабуыл жасау жоспарланған.
Исламабад мұны соғыс соғыс актісі деп атап, соққымен жауап берді. Екі жақтан да бейбіт тұрғындардың қаза тапқаны хабарланды.
Бүгін Air Astana әуекомпаниясы Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты 8 мамырдағы Алматы – Дели – Алматы бағыты бойынша және Алматы – Мумбай – Алматы бағыты бойынша рейстерін тоқтатуға мәжбүр екенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2243268-undistan-men-pakistan-arasyndagy-qaqtygys-qazaqstan-sim-malimdeme-zhasady/