Маңғыстауда "Сен Маңғыстауды не үшін жақсы көресің" челленджі бастау алды
Опубликовано:

Маңғыстау облысында туған жерге деген сүйіспеншілікті айқындайтын әлеуметтік желіде ерекше челлендж басталды. "Сен Маңғыстауды не үшін жақсы көресің?" атты бұл бастаманың авторы — Азия-Тынық мұхиты аймағының ең үздік лингвисі атанған Ақтаулық дарынды оқушы. Жастардың бастамасын облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қолдап, өзі де челленджге қатысып, бүкіл өңір жұртшылығына жолдады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Өз басым Маңғыстауға әлемдегі ең ғашық адаммын деп есептеймін. Болашақта Маңғыстау - ең көрікті, өркениетті, бәсекеге қабілетті мамандар қалыптасқан, мәдениеті биік, ел қызығатын, мейман асығатын өлке боларына сенемін", — дейді аймақ басшысы өз жазбасында.

Челленджге зиялы қауым өкілдері, депутаттар, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар, Аналар кеңесінің мүшелері, студенттер, жастар мен мұнай, құрылыс саласының жұмысшылары белсенді түрде атсалысып жатыр. Қатысушылар киелі өлкеге деген ыстық ықыласын білдіріп, жүрек жарды сөздерін жазба түрінде бөлісуде.

Көптеген жазбада Маңғыстаудың ұлы перзенттері — ақын-жазушылардың даналық сөздері де кеңінен қолданылып жатыр. Мысалы, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың:
"Маңғыстауға Құдай бәрін берген – астына да, үстіне де. Маңғыстау дегенде, Құдайдың сараңдығы ұстаған бір нәрсе бар, ол – біздің жерге өзен бермеген. Бірақ Құдай әділ болғандығынан да Құдай болып тұр ғой, сол жерінің бетіне бермеген дарияны осындағы халықтың көкірегіне берген", - деген терең ойы көптеген қатысушының жүрегінен орын тапты.


Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2243760-manggystauda-sen-manggystaudy-ne-ushin-zhaqsy-koresing-chellendzhi-bastau-aldy/