"Құрмет" орденінің иегері басқа адамдармен бірлесіп кәсіпкерге 8,5 млрд теңге шығын келтіргені үшін сотталды
Опубликовано:

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтықпен жәбірленушілердің аса ірі мөлшердегі қаражатын бірнеше рет ұрлады деген айып тағылған екі адамға қатысты істі қараған. Сотталушылардың бірі "Құрмет" орденінен айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылғы 13 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтық, атап айтқанда, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен жәбірленушілердің ірі және аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатын бірнеше рет ұрлады деп айыпталған Б.-ға және М.-ға қатысты үкім шығарды.
Іс бойынша️ сот Б. және М. басқа адамдармен бірлесіп, алдын ала сөз байласу арқылы әрекет ете отырып, 2020-2022 жылдар аралығында "Ерейментау қаласында қуаты 50 МВт жел электр станциясын салу" жобасын іске асыруға арналған "Е" ЖШС - нің ақшалай қаражатын ұрлағанын анықтаған.
Ұрлық жалған келісімшарттармен және аффилирленген компанияларға ақша аудару арқылы жасалған. Шығын мөлшері 8,5 млрд теңгеден асады.
Сондай-ақ 2021 жылдың қазан айында Б. "П" акционерлік қоғамымен трансформаторлық қосалқы станцияларды жеткізуге шарт жасасқан, алайда өз міндетін орындамаған. Нәтижесінде "П" акционерлік қоғамына 157 млн теңгеден астам шығын келген.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, банк үзінділерімен, заттар мен құжаттарды тексеру хаттамаларымен расталды.
Сотталушылар кінәні мойындамады және оларды ақтауды сұраған.
Ал прокурор бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жәбірленушілер кінәлі деп тануды және талапты қанағаттандыруды сұрады.
"Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағының санкциясына сәйкес, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге немесе онсыз, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Сот үкім шығарған кезде Б. - ға қатысты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін, М. - ға қатысты жеңілдететін жағдай ретінде екі баласының болуын, екеуінде де соттылық болмағанын ескерді.
Сот үкімімен Б. - 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік наградасы – "Құрмет" ордені алынды.
Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігінің 2-тармағын қолдана отырып, М.-ға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
"Е" ЖШС - нің азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, 8,5 млрд және 3 млн теңгеден астам сот шығыстары өндірілді. Талап қоюдың қалған бөлігі қараусыз қалдырылды", - делінген соттың баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2244909-qurmet-ordenining-iegeri-basqa-adamdarmen-birlesip-kasipkerge-8-5-mlrd-tengge-shygyn-keltirgeni-ushin-sottaldy/