"Кезекте тұрудың қажеті жоқ": Алматы метросында жолақы төлеу ыңғайлы болмақ
Опубликовано:

Алматы метросында турникеттер жаңартылады, жолаушыларға жолақыны төлеу ыңғайлы болады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Әкімдіктің мәліметінше, Алматы метрополитенінде турникеттерді жаңарту жұмыстары басталған. 2025 жылдың күзіне қарай жолаушылар жолақыны дәл кіреберісте банк картасын немесе смартфонды құрылғыға тигізу арқылы төлей алады.
"Бұған дейін банк картасымен касса арқылы немесе арнайы бір турникет арқылы ғана төлеуге болатын. Енді барлық бекеттегі турникеттер байланыссыз төлем жүйесімен жабдықталады. Бұл жолаушылардың өту үдерісін едәуір жеделдетіп, жол жүруді әлдеқайда ыңғайлы етеді.
Бұл жаңашылдық көлік картасын қолданбайтын немесе жетон сатып алуға уақыт жоғалтқысы келмейтіндер үшін өте қолайлы. Енді кезекте тұрудың қажеті жоқ – тек картаңыз немесе смартфоныңыз болса жеткілікті", - делінген хабарламада.
Әкімдік өкілдері инфрақұрылымды жаңарту қалалық қоғамдық көлік сапасын арттыруға және жолаушылардың, соның ішінде алматылықтар мен қала қонақтарының жайлылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2245614-kezekte-turudyng-qazheti-zhoq-almaty-metrosynda-zholaqy-toleu-ynggaily-bolmaq/