"Оның батылдығы зор құрметке лайық": Өскемен әкімі 5 жасар баланы құтқарып қалған студентпен кездесті
Опубликовано:

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев Үлбі өзеніне батып кете жаздаған бес жасар баланы құтқарып қалған студентпен кездесіп, оған ақшалай сыйлық табыстаған. Бұл туралы қала басшысы желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"ҚАЕУ-да "Психология" мамандығы бойынша оқып жатқан студент Ерасыл Омархановпен кездестім. Оның батылдығы, табандылығы және жақынға көмек көрсетуге деген шынайы ниеті зор құрметке лайық. Жуырда ол Үлбі өзенінде болған төтенше жағдайда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдап, баланы аман алып қалды.
Көрсеткен жанашырлығы мен жауапкершілігі үшін Ерасылға алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыстадым", - деп жазды Алмат Ақышев Instagram желісіндегі парақшасында.
Сонымен қатар ол отандық компания студенттің оқу ақысын өтеу туралы бастама көтергенін, оның білім алуына қолдау білдіруге дайын екенін атап өтті.
"Ерасыл бұл әрекетін ерлік деп санамайтынын, мұндай жағдайда әр азамат дәл осылай көмекке келуге тиіс екенін айтты.
Осындай саналы, жүрегі кең, елге жанашыр жастарымыздың бары қуантады. Ерасылдың бұл өнегелі ісі өзгелерге үлгі болып, қоғамда мейірім мен жауапкершілікті арттыра түсетініне сенімдімін!" - дейді Өскемен әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Үлбі өзеніне құлап, ағыс алып кеткен бес жасар баланы өскемендік студенттің құтқарып қалғанын жазған едік.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2245653-onyng-batyldygy-zor-qurmetke-laiyq-oskemen-akimi-5-zhasar-balany-qutqaryp-qalgan-studentpen-kezdesti/