Жолаушылар Түркістанға бағыт алған ұшақтың Шымкентке қонғанын естіп, қуанышын жасыра алмады
Опубликовано:
Читать на русском
Желіде Қостанайдан Түркістанға бағыт алған ұшақтың ішінде түсірілген қызықты видео жарияланды. Белгілі болғандай, әуе кемесі діттеген жеріне жетпей, Шымкентке қонған. Бұл жаңалықты естіген жолаушылар қуанышын жасыра алмаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ұшақтың ішінде түсірілген видео Instagram желісінде жарияланды. Видеодан аға бортсеріктің ауа райының қолайсыздығына байланысты әуе кемесінің Түркістанға емес Шымкентке қонауға мәжбүр екенін хабарлап жатқанын байқауға болады. Бұл жаңалықты естіген жолаушылар қошеметін аямаған.
"Ханымдар мен мырзалар ұшағымыз Шымкет қаласына келіп қонды. Шымкентте нақты қанша адам қалатынын білуіміз керек. Қолдарыңызды көтерсеңіздер, барлығыңыз қаласыздар ма? Қалаған жерлеріңізге жеткізгеніміз үшін қосымша ақы төлеуге тура келеді, қазір командирдің нөмірін айтамын, бірден сол кісіге жібере беріңіздер", - деп қалжыңдайды бортсерік.
Бортсеріктің жазуынша, Қостанай мен Шымкент қалаларының арасында тікелей рейс болмағандықтан, кей жолаушылар Түркістанға дейін ұшақпен, кейін Шымкентке дейін таксимен жететін болып шықты.
"Кеше жолаушыларды Шымкентте қалдырдық, олардың жүздерінен қуанышты екені көрініп тұрды", - дейді ол.
Ұшақтағы видеоға қатысты Qazaq Air өкілдері пікір білдірді. Әуекомпаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанайдан Түркістанға бағыт алған IQ361 рейсі ауа райының қолайсыздығына байланысты Шымкентке бағытталған.
"Шымкентке қону ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды. Жолаушылардың басым бөлігі сапарын Шымкентте аяқтады", - деп атап өтті әуекомпаниясының өкілдері.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2246514-zholaushylar-turkistanga-bagyt-algan-ushaqtyng-shymkentke-qonganyn-estip-quanyshyn-zhasyra-almady-video/