"Зиянкес үйдің унитазынан да шыққан": Қарағандыда егеуқұйрық қаптады (видео)
Опубликовано:

Қарағандыда егеуқұйрық қаптады. Зиянкестер аулада өріп жүр. Тіпті кәріз құбырлары арқылы пәтерлерге кіре бастаған. Бұл жағдайдан кейін бірден 8 көпқабатты үйдің тұрғындары жергілікті әкімдіктен көмек сұрады, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Унитаздан шыққан егеуқұйрықты тұрғын Сәуле Дүйсембаеваның ұлы түсіріп алған. Ас үйдегі тықырды естіп келгенде алдынан шығыпты. Зиянкестің үйге қалай кіргенін ешкім білмейді.
"Егеуқұйрық дәретханадан шыққан. Жарты күн бойы қақпағын жауып қойдық, ашсақ жоқ екен. Кәріз құбырларында олар өріп жүр деген сөз. СЭС қайда қарап отыр? Эпидемия болғанын күтіп отыр ма?", - дейді Сәуле Дүйсембаева.
Жұрттың айтуынша "Астана" тұрғын үй кешеніндегі 8 көпқабатты үйде егеуқұйрық қаптап кеткен. Балалар алаңы, аула, аялдама, қоқыста, барлық жерде өріп жүр.
"Осы аулада жүріп бара жатқанын көрдім. Аялдамадан кетіп бара жатсам, алдымнан қиып өтті. Бізде КСК, ОСИ деген жоқ, ақша жинап жатырмыз. Әр подъезд 45 мың депті, соны жинап жатырмыз", - дейді қала тұрғыны Рымбикеш Қосшығұлова.
"Аялдама мен екі ортада жер астында жаңағылардың ұясы бар сияқты. Бұл енді өте қауіпті зиянкес, ауру таратуы мүмкін. Қазір елдер балаларын шығара алмайды. Өйткені осы жерге қаптап кетті. Мына жерде балабақша бар, мына жерде мектеп бар. Мына жерде супермаркет бар. Осының бәріне келді", - дейді өзге тұрғын Абай Жұмабайұлы.
Амалы таусылған жұрт жергілікті әкімдіктен көмек сұрады. Шенеуніктердің айтуынша, тұрғындардың сұрауымен жуықта зиянкестерді улаған. Алайда нәтижесі шамалы сияқты.
"Дератизациялық шаралар көктем кезінде тағы да қолданылған. Өзі жылына екі рет қолданылады: көктемде, күзде. Қазіргі маусым, табиғаттың заңы ғой, өзі көбейеді, сол кезде жүрістері көбейіп кетеді", - дейді Қазыбек би атындағы ауданның ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімінің жетекшісі Ерік Ахметов.
Жергілікті әкімдік өкілі егеуқұйрықтарды тағы да улайтынын жеткізді. Ал тұрғындар жекеменшік компания жалдап, үйлерін де зарарсыздандырмақшы. Қалада 1700-ден астам көпқабатты үй бар. Оның 10 пайызын ғана әкімдік улайды. Ал қалғандарына жеке пәтер иелерінің ұйымдары жауап береді. Бұл мекемелер зиянкестермен күресті қалай жүргізеді, ол жағы белгісіз.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2246706-ziiankes-uiding-unitazynan-da-shyqqan-qaragandyda-egeuquiryq-qaptady-video/