80 көлді жағалай жайғасқан көкшетаулықтар таза суға зар боп отырғанын айтып, мұңын шақты
Опубликовано:

80 көлді жағалай жайғасқан көкшетаулықтар таза суға зар боп отырғанын айтып, шағымын айтты. Фильтр болмаса, жағдай қиын, мәселе шешілмей келе жатқанына талай уақыт өткен, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Алмагүл Жакупова Көкшетауда 30 жылдан бері тұрады. Осы уақыт аралығында судың тазарғанын бір рет көрмегенін айтады. Ол күніне 5-10 литр су сатып алады екен.
"Біз ішпейміз, тамаққа қоспаймыз. Сатып аламыз. Дәмі біртүрлі болады, ет қойсаң қазанның шеті судан сап-сары болады. Меніңше, құбырлар ескірген", - дейді ол.
Таза ауыз су мезгілдің төртеуінде де жоқ, ал ыстық су жаз шыға өшеді, дейді телеарна тілшісі. Дамылсыз жұмыс істеуге қаладағы жалғыз жылыту ошағының қауқары жетпейді.
"Қыстыгүні үй салқын болды. Мына екі орта қосылған жеріне пена жіберді, залдан аяғыңа суық кеп тұрады. ТЭЦ саламыз дейді, несімен салады оны? Суды өздерінен ағыза ма, қай жерінен ағызады? Су жоқ қой. ТЭЦ деп қаланы алдап-сулайды жай", - дейді тағы бір тұрғын Күлпәш Бакибаева.
Ал "Көкшетау су арнасының" мамандары су лас дегенге келіспейді. Тіпті оны ішуге де болады, бірақ тұрғындар сақтанған соң олай етпей отыр дейді.
"2022 жылдан бастап біз коагулянт цехын іске қосқанбыз, жұмыс істеп тұр. Бірақ ол бізге қажет су көлемін өңдей алмай отыр, қалаға су жетпейді. Суды Сергеевкадан аламыз, оның суы таза. Жалпы қаладағы су лас дей алмаймын, барлық жердегімен бірдей. Бұрынғыдай емес, сапа жақсарып келеді. Қазір 300 мың кубтық жаңа су тазарту нысаны салынып жатыр. Биыл құрылыс аяқталу керек. Онда сапа тіпті жақсара түспек", - дейді "Көкшетау су арнасы" мекемесінің бас инженері Қазыбек Сәдуақасов.
Қаладағы жалғыз су жылыту мекемесі 7 ай ғана жұмыс істейді. Жазда жөндеу мен дайындық шаралары басталады. Ыстық су сол үшін өшіріледі.
"Көмірмен істейтін 3 қазандығымыз бар, су жылытқыш. Сосын мына мазутпен істейтіні бар... Біздің мекемеміз ТЭЦ емес. Электроэнергия өндірмейді. Үкімет жасап жатыр ғой, ТЭЦ болады деп, ТЭЦ болғаннан кейін ғана электр қуатын шығарады, жаздыгүні енді ыстық су да болады деп ойлаймыз", - дейді "Көкшетау жылу" мекемесінің бас директоры Руслан Макишев.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2250939-80-koldi-zhagalai-zhaigasqan-kokshetaulyqtar-taza-suga-zar-bop-otyrganyn-aityp-mungyn-shaqty/