Еңбек вице-министрі БҚО-да бес баласынан айырылған отбасының табысы туралы айтты
Опубликовано:
Читать на русском
Еңбек вице-министрі Виктория Шегай 4 маусымда Батыс Қазақстан облысында болған өртте қаза тапқан балалардың әкесі қанша жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұған дейін бір күнде бес баласынан айырылған отбасының жалдамалы үйде тұратыны хабарланған еді. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған. Ал баспасөз мәслихаты барысында журналист сауалына жауап берген Шегай бүгінгі таңда мемлекет барлық міндеттемесін орындап жатқанын айтты.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, Қазақстанда бюджеттегі қаражат тапшылығына байланысты жәрдемақыны тоқтата тұру немесе төлемеу жағдайлары болған емес.
"Сабирова ханымның отбасы туралы айтар болсақ, әкесі расында да жұмыс істеген және оның орташа жалақысы шамамен 190 мың теңге. Осылайша, жан басына шаққандағы орташа табыс отбасының әрбір мүшесіне шамамен 47 мың теңге болған. Отбасы қандай да бір қосымша көмек сұрамаған", - дейді Виктория Шегай.
Ол өзі де көп балалы отбасында өскенін мәлім етті.
"Бұл жерде мәселе ата-ананың өз шешіміне байланысты болса керек. Мен сізге өзімнің отбасым туралы қысқаша айта кетейін. Мен көп балалы отбасынанмын. Анамның алты баласы бар. Менің ата-анам да басқалар сияқты жұмыс істеді, толық жұмыс күнінде. Ата-анам бізге барлық мүмкіндікті, соның ішінде білім алуды және тағы басқа нәрселерді қамтамасыз етуге тырысты.
Өзім үш баланың анасымын, сондықтан баланы дүниеге әкелген кез келген ата-ана олардың жан-жақты дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады", - деді вице-министр.
Еске сала кетейік, 4 маусымда Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты ауылында бес бала көмірқышқыл газынан уланып, көз жұмды. Полицейлер жеке үйдегі өрттен кейін кәмелетке толмағандардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2253892-engbek-vitse-ministri-bqo-da-bes-balasynan-aiyrylgan-otbasynyng-tabysy-turaly-aitty/