jitsu gif

"Бұл талаптар – орынсыз": ІІМ мас күйінде көлік тізгіндейтіндерге жазаны жеңілдету ұсынысына қатысты мәлімдеме жасады

көлік жүргізушісі
Көлік жүргізушісі. Иллюстрациялық фото: BitsAndSplits / Getty Images

Ішкі істер министрлігі үндеу жасап, мас күйінде көлік тізгіндейтін жүргізушілерге қатысты жауапкершілікті жеңілдетуге түбегейлі қарсы екенін мәлімдеді. Бұл туралы ІІМ-нің ведомстволық сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Құрметті азаматтар! Соңғы уақытта кейбір азаматтар көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқарғаны үшін салынған әкімшілік жазаны жоюды талап етуде.

Министрлік бұл талаптарды орынсыз деп санайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабында көзделген жауапкершілікті жеңілдетуге түбегейлі қарсымыз. Мұндай қатаң шаралар, соның ішінде 7 жылдық куәліктен айыру жазасы 2020 жылы жайдан-жай енгізілген жоқ. Бұл – заңдағы бап қана емес, жолдағы өмір мен өлімнің арасындағы шекара", - дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Оның мәліметінше, соңғы бес жылда мас жүргізушілердің кесірінен 2,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 460-тан астам адам қаза тауып, 3 300-ден астамы жарақат алған.

"Бұл – жай статистика емес. Бұл – қайғы жұтқан отбасылар, жетім қалған балалар, перзентінен айырылған ата-аналар. Мас күйінде көлік жүргізу – жай ғана заңбұзушылық емес. Бұл – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Мас жүргізуші – тек заң бұзушы емес, ол – қылмыскер, ол – тіпті кісі өлтіруші.

Осындай қайғылы оқиғалардың бірі Алматыда болды: мас жүргізуші жол жұмысшыларын қағып, соның салдарынан үш адамның екеуі қаза тапты. Өз қызметтерін атқарып жүрген жандардың бір сәтте өмірі үзілді. Бұл – жауапсыздықтың салдары. Мұндай әрекеттерге жолда орын жоқ. Дегенмен қабылданған шаралар оң нәтиже бере бастағанын атап өту қажет", - деді Шыңғыс Алекешев.

Ол автокөлік санының өсуіне қарамастан, мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны азайып жатқанын өтті.

"Бұл қатаң шаралардың тиімді екенін көрсетеді. Олар тек жауапқа тарту үшін емес, қылмыстың алдын алу үшін қажет. Көптеген елде мұндай құқықбұзушылықтар үшін жаза одан да қатаң –жүргізуші куәлігін өмір бойына алып қоюға, көлікті тәркілеуге дейін барады.

Адам өмірі заңды саналы түрде бұзған азаматтардың негізсіз талаптарынан әлдеқайда маңызды. Ішкі істер министрлігі жаза шараларын алып тастау немесе жеңілдету туралы кез келген ұсынысты орынсыз деп санайды", - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.