15 меморандум және жаңа аудан құру жоспары: Семейде ірі инвестициялық форум өтті
Опубликовано:

Семейде облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен "Туған жерге туыңды тік" атты инвестициялық форум өтті. Шара қаладағы "Арена" көпмақсатты мәдени-спорттық кешенінде ұйымдастырылды. Ғимарат алдында жергілікті тауар өндірушілер үшін өздері шығарған өнімдерді қоятын көрме ұйымдастырылып, облыстың өнеркәсіптік және ауылшаруашылық саласындағы әлеуеті көпшілікке таныстырылды.
Форумда Қазақстанның әр аймағынан келген кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері мен әкімдік өкілдері бас қосты. Жалпы саны 500 шамасындағы қатысушылардың бірі облыстың инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытса, енді бірі – жобаларды қаржыландыру мақсатында нақты ұсыныспен келген.
Шараның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли форум қатысушыларын еліміздің ұлы тұлғалары ғұмыр кешіп, еңбектенген өңірге қолдау көрсетуге шақырды.

"Біз бүгін Абай облысын дамыту мақсатында ұйымдастырылған "Туған жерген туыңды тік" атты инвестициялық форумда бас қосып отырмыз. Бұл орта - біз үшін ойымызды ортаға салып, болашаққа бірге қадам жасау мүмкіндіктерін қарастыратын пікір алаңы. Абай облысы- жас та болса, әлеуеті жоғары өңір. Біздің табиғи ресурстарымыз, еңбекқор халқымыз, өндірістік инфрақұрылымымыз бен қолайлы географиялық орналасу жағдайымыз тұрақты дамуымызға негіз бола алады. Бұл мүмкіндіктерді пайдалану үшін жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлардың белсенді болуы маңызды", - деп мәлімдеді облыс әкімі.
Форум бизнес пен билік өкілдерінің тізе қосып, өзара байланыс орнату алаңына айналды. Кәсіпкерлерге аймақтың инвестициялық әлеуеті мен болашақ жаңа жобалар таныстырылды.
Басқосудағы негізгі шаралардың бірі - сенат пен мәжілістен арнайы келген депутаттар, бизнесмендер мен басқа да құрметті қонақтар сөз сөйлеген пленарлық сессия болды.

Жиын барысында нарықта өз орнын алған, әрі аймақтың дамуына ерекше қолдау көрсеткен кәсіпорындарға ерекше көңіл бөлінді. Солардың қатарында – KAZ Minerals Тобы бар. Пленарлық сессия барысында "KAZ Minerals Management" ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов баяндама жасады. Ол өз сөзінде аймақтағы әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобаларға тоқталып өтті.
Компания тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін денсаулық, мәдениет, спорт, демалыс және қала өміріндегі басқа да салаларды дамыту жолында жергілікті билікпен бірлесе жұмыс істеуде. Жергілікті ауруханаларда, соның ішінде балаларды сауықтыру орталығында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жабдықтар жеткізілді, балардың спорт интернатына көмек берілді. Аягөз ауданындағы жатақхана құрылысы, Бейбітшілік аралындағы балалар темір жолының қайта іске қосылуы, Семейдегі көпірасты кеңістігінің жасақталуы KAZ Minerals компаниясының арқасында жүзеге асты.

Одан бөлек, компания білім саласы мен жас ұрпақты тәрбиелеуге де белсенді атсалысуда. Мектеп түлектеріне гранттар бөлінуде, жоғары оқу орындары мен колледждерге қолдау көрсетіліп, ақылы тәжірибеден өту жұмыстары ұйымдастырылды. Кәсіпорын іске қосқан қайта даярлықтан өткізу бағдарламасы жаңа мамандықты меңгеруге және содан кейін жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бастауыш және орта білім мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2024 жылы Семейде KAZ Minerals толық қаржыландырған № 50 заманауи IT-лицей ашылды.
Енді компания жаңа жоба – Семейдің жаңа шағын ауданында тұрғызылатын 20 мыңдық футбол стадионының құрылысын бірлесе қаржыландыру жұмысына кіріспек. Бұл ретте кәсіпорынның жобаны толық қаржыландырмайтынын, тек шығындардың белгілі бір бөлігін жабатынын атап өту қажет.

Форумның қорытынды бөлімінде компания облыс басшылығымен тиісті меморандумға қол қойды.
"Бүгін қол қойылған меморандум – KAZ Minerals Тобының біздің ESG-ұстанымдарымыздың аясында Абай облысындағы өмір сапасын жақсартудағы кезекті қадамымыз. Семейдегі стадион құрылысы – біздің спорттық инфрақұрылым саласындағы ауқымды жобаларымыздың бірі. Біз оны спортты дамытуға ғана емес, сонымен қатар қаланың белсенді, әрі мәдени өміріне қосқан үлесіміз деп білеміз. Біз бұл тарихи сәттің бөлшегі болғанымызға ризамыз", - дейді "KAZ Minerals Management" ЖШС Басқарма Төрағасы Эльдар Мамедов.
Форум қорытындысы бойынша әр түрлі компания өкілдерімен құрылыс, спорт, білім және басқа да салаларды қоса алғанда жалпы саны 14 меморандумға қол қойылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2257782-15-memorandum-zhane-zhanga-audan-quru-zhospary-semeide-iri-investitsiialyq-forum-otti/