Тоқаевпен суретке түсуді ұмытып кеткен танымал диктордың эмоциясы желі қолданушыларын сүйсіндірді (видео)
Опубликовано:

БАҚ қызметкерлері күніне орай Ақордада өткен жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев танымал диктор, қазақ журналистикасының ардагері Сауық Жақановаға мемлекеттік награда тапсырды. Сол сәтте суретке түсуді ұмытып кеткен дикторды президент қайта қасына шақырып алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мемлекет басшысымен суретке түсуді ұмытып кеткен танымал диктордың эмоциясын Президент телерадио кешенінің операторлары видеоға түсіріп алып, Instagram желісінде жариялады. Кадрлардан Сауық Жақанованың президенттен орден және гүл шоғын алып, өз орнына тез кетіп бара жатқанын, сәлден соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дикторды кері шақырып, "суретке түсейік" деп айтқанын байқауға болады.
"Президент танымал диктор Сауық Жақанованы отандық журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін мемлекеттік наградамен марапаттады", - делінген видео сипаттамасында.
Сауық Жақанованың сол сәттегі қылығы желі қолданушыларын сүйсіндірді.
"Керемет, шынайы", "Бір тамаша көрініс екен, не деген сыйластық", "Баладай аңғал, қандай әдемі көрініс", "Апатайымыз сасқалақтап қалды", "Қобалжып тұр-ау, ғұмырлы болыңыз", "Құттықтаймын, марапаттауға лайықты адам! Ұзақ жасаңыз, Сауық апа! Сіздің дауысыңызбен өскенбіз", - деп пікір қалдырған олар видеоға.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында сала мамандарын мемлекеттік наградамен марапаттады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2259213-toqaevpen-suretke-tusudi-umytyp-ketken-tanymal-diktordyng-emotsiiasy-zheli-qoldanushylaryn-suisindirdi-video/