Өнер және спорт саласындағы үздік жоғары оқу орны анықталды
Опубликовано:

2025 жылғы Ұлттық рейтинг нәтижесінде өнер және спорт саласы бойынша білім беретін жоғары оқу орындары арасында Қазақ ұлттық хореография академиясы үздік деп танылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, рейтинг жоғары оқу орындарының академиялық беделі, білім беру сапасы, ғылыми-зерттеу қызметі және түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы сияқты негізгі критерийлер бойынша жасалады.
Қазақ ұлттық хореография академиясы соңғы жылдары ұлттық және халықаралық деңгейде бірқатар шығармашылық және ғылыми жобаларды табысты жүзеге асырып жүр.
Академия білім алушылары да беделді халықаралық байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарды еншілеп жүр. Оқу орнында тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген балалар білім алып, кәсіби тұрғыда шыңдалып жатыр.
Шәкірттер үшін жан-жақты дамуға жағдай жасалған, хореография және өнер саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандармен тұрақты түрде шеберлік сабақтары ұйымдастырылады, сондай-ақ шетелдің үздік университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы білімдерін жетілдіру мүмкіндігі бар.
Академияның басты мақсаты – хореография, өнертану, арт-менеджмент және креативті арт-индустрия бағыттары бойынша білікті кадрлар даярлап, отандық мәдениет пен өнер саласына жаңа серпін беретін кәсіби мамандардың жаңа буынын қалыптастыру.
Бүгінде академия – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда хореография өнері саласындағы жетекші жоғары оқу орны.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2259702-oner-zhane-sport-salasyndagy-uzdik-zhogary-oqu-orny-anyqtaldy/